Құрметті жерлестер! 2 қыркүйек 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда Президент АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізуге тиісті Жарлыққа қол қоятынын айтты.
«Мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ», — деді Президент
Қазақстан халқы бұған дейін де референдумда өз таңдауларын жасады. Референдумға қатысуға 18 жасқа толған республика азаматтары ие болады, азаматтардың ерікті қатысуы, еркін ашық білдіруі, сондай- ақ жалпыға бірдей, тең, төте, және жасырын дауыс беру қағидаттары бойынша өткізіледі. Референдумда қойылатын сауал: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?».
Биыл елімізде 6 қазанда АЭС салу бойынша референдум қалай өтеді? Енді осы жағына тоқталайық!
Қазақстанда 12 176 968 таңдаушы бар. Референдумда жалпы 10 327 референдум учаскесі болады. Қазақ-стандықтардың тіркелген жері бойынша референдум учаскесінің саны — 9709, уақытша учаске 618, мұнда 78 референдум учаскесі (63 елде) шетелде орналасады. Барлық референдум комиссиясының мүшелерінің саны 70 мың 49 адам .
12 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік БАҚ-та референдум учаскелерінің шекарасы туралы, ал аумақтық референдум комиссиясы референдум комиссиясының құрамы және олардың орналасқан жері туралы ақпаратты жариялайды.
15 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік әкімнің қолы қойылған, таңдаушылардың (дауыс берушілердің) тізімдерін референдум учаскесіне, ал жоғарғы тұрған комиссияға және Орталық референдум комиссиясына тізімнің электрон-ды нұсқасын беруге тиіс. 26 қыркүйекке дейін учаскелік референдум комиссиялары дауыс берушілердің тізімін алғаннан кейін ауқымды жұмысты бастайды; азаматтар дауысты қашан және қайда бере алатыны, не үшін дауыс беру керегі, сайлау учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы ақпаратты береді. Бюллетеньдер дауыс беру күніне дейін 1 күннен кешіктірілмей жеткізілуі тиіс. 5 қазан — үнсіздік күні. Үгіт-насихат дауыс беру күніне дейін түнгі сағат 00.00-де аяқталады. 6 қазан — референдум күні. Дауыс беру сағат таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін. Мысалы: вахталық әдіс арқылы жұмыс істейтіндер үшін 12 сағаттың ішінде дауыс саналады. Өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге 2 күн беріледі. Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын белгілеп, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялауға тиіс.
Кентау қаласының аумақтық референдум қомиссиясына қарасты 35 учаскелік референдум комиссиялары 2024 жылы 6 қазанда референдум өткізуге дайын. Кентау аумақтық референдум комиссиясы мүшелері мен учаскелік референдум комиссиясы мүшелері толық оқудан өтіп, Қазақстан Республикасының «Республикалық ре-ферендум» туралы Конституциялық заңы бойынша тесттен өтті.
Қаламызда Республикалық референдум қарсаңында, азаматтар дауысты қашан және қайда бере алатыны, не үшін дауыс беру керегі, референдум учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы қалалық БАҚ құралдарында, әлеуметтік желілерде, қала әкімдігі интернет ресурстарында, теле-радиода, адамдар көп шоғырланған жерлерде, қаланың көрнекті орындарында ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, дауыс берушілердің туындаған сұрақтары бойынша жергілікті атқарушы органның Call-орталығына қоңырау шалу арқылы білуіңізге болады.
Кентау қаласының халқы жоғары әлеуетімен, белсенділігімен әрдайым ерекшеленеді.
Республикалық референдумға бір кісідей қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамыз! Әркімнің дауысы маңызды!
Бекзат Садуов,
Кентау қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы