ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауы аясында Қазақстан халқы арасындағы ынтымақ-бірлікті, достықты қалыптастыруға атсалысу, этносаралық қарым-қатынастықты нығайту, еңбек адамы мен үлгілі отбасын насихаттау, мемлекеттік тілді меңгеру жөнінен қаншама жазбалар жазылды.
Татулық пен бірлікті ту еткен жандардың бойындағы патриоттық сезім ұшқыны жүректі жылытып, «тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» екенін анық сезіндірді. Сол ыстық сезім арқылы тілеулес жандарды жақындастырды.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Мутанова Раъно Юлдашқызы Некрасов атындағы мектеп-гимназиясында қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Өзі өзбек ұлтының қызы Раъно талай жылғы іс-тәжірибесінде мол жетістіктерге жетіп, білім ордасының жақсы жағынан танылуына үлес қосқан ардақты мұғалім.
Иә, мұғалімдер қауымына жүктелер міндет оңай емес – болашақ ұрпақты сапалы біліммен сусындату және саналы тәрбие беру. Осы ретте мұғалімдердің, ұстаздар қауымының атқарып отырғаны еңбегі ерен, әрине. Ал енді тіл мәселесіне келетін болсақ, «Қазақ тілі» пәнінің алдында тұрған міндеттер де өзекті екені сөзсіз. Өйткені осы пән арқылы оқушының тіл байлығы, сөйлеу мәдениеті, ұлттық дүниетанымы, т.б. құндылықтары қалыптасады. Оған тиісті дәрежеде мән беру – үлкен мақсаттардың бірі.
«Біз тілдердің арасында қазақ тіліне басымдық беруіміз керек. Әсіресе, бастауыш сыныптарда қазақ тілін жақсы дәрежеде меңгертсек, баланың бойында өзге тілдің ығына кетіп қалмау сынды иммунитет қалыптасады. Ол қанша жерден шет тілін білсе де, өз тілін ұмытпайды. Өйткені, санасында ең бірінші өз тілі тұрады. Әрине, балаға қазақ тілін үйретуде отбасы зор ықпал етеді. Бірақ біз, мұғалімдер, қолдан келгенше балаға қазақ тілін терең меңгеруіне күш салуымыз керек. Олардың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін, құрметін қалыптастыруымыз қажет», — дейді Раъно Юлдашқызы қазақ тіліне деген зор қошеметін білдіріп. Осы ретте Раъно Юлдашқызының жеткен жетістіктеріне тоқтала кетсек, мұғалімдердің пәндік олимпиадасына, жыл сайын болатын педагогикалық оқуларға қатысып, өзінің ізденімпаздығын дәлелдеген еңбекқор жан. Сондай-ақ оқушылардың пәндік олимпиадасына үздік шәкірттер дайындап, олардың дайындығын республикалық деңгейге жеткізді. Үздік педагогтың облыстық білім басқармасынан, қалалық әкімшіліктен, ҚББ-інің адами капиталды даму орталығынан алған көптеген марапаттары оның еңбекқорлығының айқын дәлелі. Қызметінде ұлағатты ұстаз, абыройлы маман, аяулы ана Мутанова Раъно болашақ ұрпаққа сапалы білім беруде күш-жігерін аямайтын білікті ұстаздардың бірі.