Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері киелі шаңырақ астында тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп келеді.
Айта кетерлігі, өңірімізде қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі де артуда. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту – Ассамблеяның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысында этнос өкілдерінің 90 пайыздан астамы қазақ тілін жетік меңгерген. Бұл жөнінде нақтырақ білу үшін, Түркістан облыстық ҚХА мүшесі, облыстық славян этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының жетекшісі Ирина Чегановамен аз-кем әңгімелескен едік.
«Қазіргі таңда славян мәдени орталығы мәдениетті, дәстүрді, тілді сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Мемлекеттік тілді үйренуге, басқа этномәдени орталықтармен достық пен ынтымақтастықты арттыру бойынша жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Көптеген іс-шаралардың ішінде Баянауыл сапары айрықша есте қалды. Павлодар облысы, Баянауыл ұлттық паркінде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген түрлі этнос жастарының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі тіл мектебі іс-шарасында бәріміз бір отбасы ретінде, бір мақсатта қазақ тілін білуді тереңдете бастадық. Іс-шараның мақсаты тіл үйренушілерді қазақ халқының тұрмысына, дәстүрі мен мәдениетіне терең бойлату арқылы мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасау. Әрине, санаулы күннің ішінде тілді толық үйрену мүмкін емес, бірақ бұл күндері біз қазақ мәдениетіне терең бойлай келе, қазақ тілін үйрену әдістемесі туралы білімімізді кеңейттік, қазақ халқының дәстүрлерін сахналадық, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйрендік, әндер шырқадық, өлеңдер оқыдық, Баянауыл ауданының киелі жерлеріне, танымал адамдардың мұражайларына бардық. Мұның бәрі қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті одан әрі оятты. Ерекше әсерге бөленген игі шарада ұстаздарымызға, әдіскерлерге, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарын тіл мектебінде оқытуға қатысқан баршаға құрметіміз артты.
Сондай-ақ біздің арамызда Рождество, Пасха, Масленица, Славян жазуы мен мәдениеті күні сияқты мерекелердің сақталғанына, жастар арасында өтетін «Романсиада» және «Гармонь ойыны» байқауларының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанына қуанамыз.
Салауатты өмір салтын дамытуға бағытталған «Славянская поляна» іс-шарасы туристік мүмкіндіктер мен туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттау мақсатында тау бөктерінде, табиғат аясында өтеді, онда міндетті түрде спорттық халық ойындары қамтылады. Сонымен қатар, ішкі саясаттың келісімі бойынша жергілікті ұлт өкілдері арасында орыс тілін танымал ету үшін қазақ тілінде оқытатын мектептер арасында шығармалар конкурсын өткіземіз. Жыл сайын Ұлы Отан соғысы арадагерлерін ұлықтап, балаларымызбен бірге сый-сыяпаттарымызбен, ән-билерімізбен барып, құттықтап тұрамыз. Себебі балалардың Ұлы Отан соғысы туралы білулері үшін ұрпақтар арасындағы байланысымыз сақталып отырғанын атап өткен жөн. Және де біздің көп ұлтты сипатқа ие барлық іс-шараларымызға басқа ұлт өкілдері де қатысатынын атап өткім келеді. Ал біз, славяндар басқа этномәдени бірлестіктердің де іс-шараларына белсене араласамыз. Достық пен бейбітшілікті басты мұратымыз деп санаймыз.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек» деп елбасы айтқандай, достықта шекара жоқ екеніне осындай береке-бірлігі мол жиындарда тағы да көзіміз жетеді», — дейді Ирина аса толқыныспен.
Тағы бір қуанышты жәйт, президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында облыс әкімдігінің қолдауымен құрылысы басталған Достық үйі осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Онда туындаған мәселелерді практикалық тұрғыда талқылауға жан-жақты жағдай жасалатын болады.