«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ауыл-ауылда өздерінің туабітті таланттарымен, ерекше қабілетімен көзге түсіп жүрген жастар аз емес. Сондай жастардың бірі – Жетісай ауданындағы Нұртас Оңдасынов атындағы мектептің мақтанышы, 6-сынып оқушысы Данияр Құрманбай.
Данияр мектепке алғаш келгенде-ақ ерекше қабілетімен көзге түсіп, өзінің музыкаға бейімі бар екенін аңғартты. Қоңыр даусымен әуелетіп ән салғанда тыңдаушысын тамсандыратын талант иесінің өнерін одан әрі ұштай білсек, танымал әнші болатынына ұстаздары да сенім артты. Осылайша өз ортасында «Әнші бала» атанып кеткен ол бүгінде біраз биіктерді бағындырып та үлгерді. Атап айтсақ, республикалық «Ғұмырдария», «Ұлы дала ұрпағы», «Алтын құлын» байқауларында жүлделі орындардан көрінсе, облыстық «Turan Bala Fest» телебайқауында жеңімпаз атанып, барша жетісайлықтардың мерейін үстем етті. Таяуда өткен облыстық «Балтаңдай» өнер фестивалі мен аудандық ән байқауларында да бағы жанып, көпшілік құрметіне бөленді. Біз өз шәкіртімізге арманың асқақ, болашағың жарқын болсын демекпіз.
Айгүл ШАХИДИНОВА,
Н.Оңдасынов атындағы №14 мектептің музыка пәнінің мұғалімі.
Жетісай ауданы.