Егер қажет деп тапсаңыз, уақытты «тоқтатып қоятын» бір жер бар. Қазір уақыт қарбалас болса да, өзіңмен-өзің қалып, ішіңе үңілетін орын қалса, ол кітапхана шығар. Бізде ғана емес, әлемдік ахуал солай. Ал кітапханаға кірсең, кеңістік басқа. Байыздап, өзімен-өзі кітап оқып отырған оқырмандарға қарап сүйсінесіз. Иә, қоғамның алға жылжып, өрістеуі оның рухани деңгейімен тікелей байланысты. Сауаты, мәдениеті, білімі жеткен адам тұрмыстық жағдайын да қалауынша түзеп алуға қауқарлы әрі қоғамды да дамытады. Сол себепті әуелі мазмұн ту көтеруге тиіс қой. Ол мазмұнның ошағы отбасы мен мектеп болса, отаны кітапхана екені белгілі. Сондай рухани орданың бірі — Кентау қалалық орталық кітапханасы.
«Елу жылда ел жаңа» демекеші, кітапханамыз жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Ақпараттық технологиялардың дамуы мен оны тиімді пайдалану бүгінде кітапхана ісінің басты көрсеткішіне айналған. Бүгінде Қазақстан кітапханаларының көпшілігі автоматтандырылған кітапханалық жүйе ВЕБ-РАБИС бағдарламасымен жұмыс істейді. Кентау қалалық орталық кітапханасы РАБИС бағдарламаға 2010 жылдан бастап көшті.
Бүгінде оқып, ізденем деген кісіге мүмкіндік өте көп. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Күні кеше ғана елімізде Ұлттық кітап күні жаңа мереке ретінде енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты 23 сәуірді Үкімет қаулысымен атулы дата ретінде бекітті. Мұның сыртында «Бір ел-бір кітап», қаншама кітап көрмелері бола тұра осындай бастамаға бару оқырман ұлт қалыптастыру қажеттілігінен, қоғамды кітап оқуға бұрудан туып отырғаны айтпаса да түсінікті. Қазіргі кітапханаларда оқырмандарға барлық жағдай қарастырылған.
Оқырмандарды кітапханаға тарту және оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында кітапхана жаңалықтарын әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, оқырмандарды құлағдар етіп отырамыз. Кітапханада түлі жиындар мен кездесулер өткізуге қолайды жағдай жасалған. Тікелей эфир қонағы ретінде қаламызға еңбегі сіңген тұлғалар, өнер иелері, ақын-жазушылар шақырылып, түрлі бағытта сұхбат ұйымдастырылып, бейне түсірілім жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ кітапханада қаламыздың көшелеріне есімдері берілген тұлғаларды таныстыру мақсатында «Кентау көшелері», Кентау қаласының өсіп-өркендеуіне, мәдени, рухани, әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар жайлы «Еңбегімен еленген ерлер» және студент-жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Сіз іздеген бір кітап» атты т.б жобалармен жұмыс жасап жатырмыз.
Кентаудағы қалалық орталық кітапханаға кірсеңіз, босағадан аттағаннан 1 қабатты «Рухани жаңғыру» орталығы мен Абонемент бөлімі бар. 2 қабатта Оқу залы мен «Білім» орталығына кіресіз. Сонымен көпшілікті кітап оқуға қалай ынталандырып жатырмыз? Ең бірінші, мүдделес клубтары. Мәселен, Кентау қалалық орталық кітапханадағы «Дидарласу отауы», «Ата дәстүр-асыл мұра», «Жастық жалын» клубына он үштегі баладан сексендегі қарияға дейін мүше. Айына бір рет жиналып, ой бөлісіп тұратын оқырмандардың екінші үйі- осы кітапхана.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана» деп Ә.Кекілбаев айтқандай, кітап адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлық өлшемі. Сондықтан қазынамызды қадірлеп, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулыған абзал. Өзім кітапханада жұмыс істегендіктен, Мемлекет басшысының жастарды кітап оқуға баулу, кітапхана ісін дамыту дамыту туралы мәселеге ерекше көңіл бөліп отырғаны мені қуантты.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында көпшілік арасында кітап оқу сән болғаны соншалық, кітап ең құнды сыйлыққа айналғанын көреміз. Қазір осы дәстүрді жолға қоя алсақ қандай жақсы болар еді. Қазақта оқыған, мәдениетті адам деген сөз бар. Аса ардақты сөз. Өйткені оқыған, рухани толық адам – қоғамды алға бастырушы ғана емес, мемлекеттің байлығы.
Жанна Қуандықова,
Кентау қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы