Бүгін елордада атом энергетикасы саласындағы жетекші сарапшылар, жас ғалымдар мен белсенді жастар бейбіт атомды тиімді қолдану және атом энергетикасын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған жиынға қатысты.
Кездесу барысында жас ғалымдар ядролық физика саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстырып, Қазақстандағы атом энергетикасын дамытуға бағытталған өз идеяларын айтты.
«Атом энергетикасын дамытуды энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында қарастырып отырмыз. Сарапшылар алдағы кезеңде электр энергиясы бойынша елеулі тапшылық болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Әлемнің біраз мемлекеті атом энергетикасын дамытып келеді. Қазақстан мамандары қарастырып отырған реакторлар ІІІ+ технологиясына жатады, яғни бұлардағы қауіпсіздік деңгейі өте жоғары», — деді ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.
Оның айтуынша, қазан айында өтетін референдумда халық АЭС құрылысын қолдаса, одан кейін ведомство бұл нысанды салатын вендорды таңдауға кіріседі.
«Референдумда қолдау болса, біз келіссөзге кірісеміз. Мәселен, 2025 жылы вендорды анықтау, үкіметаралық келісімдер мен тиісті шарттарды бекіту үшін дайындық жұмыстарын атқару керек. Жалпы, АЭС құрылысына 5-6 жыл, сондай-ақ дайындық жұмыстарына 3-5 жыл уақыт керек. Біз 2 реактордың құрылысын қарастырып отырмыз. Осының бәрін ескере отырып, 10-11 жыл аралығында атом электр станциясын пайдалануға беруге болады», — деді департамент басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, атом энергетикасы саласында елімізде маман тапшылығы болмайды.
«Еліміздің осы салада ғылыми және кадрлық әлеуеті бар. Сонымен қатар, АЭС құрылысына қатысатын вендорды таңдаған кезде, олармен бірге отандық ғалымдардың білімін жетілдіру бағдарламасын даярлаймыз. Атап айтқанда, 10 жыл ішінде мамандардың бірнеше буынын дайындықтан өткізу мүмкіндігі бар. Шетелдік АЭС-терде біздің мамандарды тағылымдамадан өткізе аламыз. Сондықтан бізде мамандар тапшы болады деген уәжбен келіспеймін», — деді Ғ. Серғазин.