Қазігі таңда ақпараттық және инновациялық технологиялар жаңарған сайын салық жүйесіндегі бақылау мен әкімшілдендіруді жетілдірілуге байланысты өзгерістер де күн санап дамып келеді. Сондықтан да салық төлеушілерге қойылатын талаптарға байланысты бірқатар өзгерістер тәжірибеге енгізілуде. Соның бірі – сауда орындарында автоматты түрде мәліметтер беру функциясы бар бақылау-кассалық машинасын орнату. Бұл талап – салықтан жалтаруға жол бермейтін және салықтық есептілікті дер кезінде жүргізіп отыруға мүмкіндік беретін тиімді тетік. Бұл жайында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова брифингте мәлімдеді.
«Жалпы бақылау-кассалық машина аппараттарын қолдану — салық жүйесін ретке келтіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға өз пайдасын тигізеді. Сондықтан сауда орындарында мұндай аппараттарды орнату міндеттелген. Егер де құқық бұзушылық орын алған жағдайда бірінші рет ескерту беріледі. Ал, бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанатын болса жеке нотариустарға, сот орындаушыларға, шағын кәсіпкерлік нысандарға — 15 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субьектілерге — 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарға — 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатын болады»-деді спикер.
Сонымен қатар, бақылау-касса машиналарының фискалдық чектерін беруді ынталандыру бойынша «Чекті талап ет-жүлдені ұтып ал» акциясы өткізілуде. Акцияның өту кезеңі 2024 жылғы 4 қыркүйектен 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Бұл акцияға еліміздің кез-келген азаматы қатыса алады. Науқанда жыл соңына дейін әр дүйсенбі сайын смартфондар ойнатылады, ал әр айдың соңында бас жүлде — iPhone 15 Pro смартфоны беріледі. Акцияға қатысу шарттары өте оңай. Бар болғаны «Amian» мобильдік қосымшасын жүктеп, онда түбіртектерді жіберу отыру керек.