Ұлжан Жолдасова Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернаты, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Біраз жыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінде ұстаздық еткен Ұлжан Махамбетқызы бүгінде дарынды балаларды пәндік олимпиадаларға, ғылыми және түрлі интеллектуалдық жобаларға дайындап, шәкірттердің ғылыми-шығармашылық ізденісін жетілдіруде жемісті еңбек етіп келеді. Ұлжан Маханбетқызы «Ұзтаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген хәкім Абайдың асыл сөзін ұстаным етіп, оқушыларға ана тілінің қасиетін ұғып, әдебиетті сүюге баулып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі. Ұлжан Жолдасованың 50-ден аса ғылыми-әдістемелік мақалалары мен бірнеше оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. 2021 жылы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін ҚР БҒМ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Қоғамдағы мұғалімнің келбеті қандай? Ол: оқушылардың білімге құштарлығын оята алатын, өз білімін толық іске асыратын және өзін дамытып отыратын тұлға деңгейінде қабылдауға бола ма бүгінгі ұстазды? -деген алғашқы сауалымызға тәжірибелі ұстаз былай деп ағынан жарылды.
«Ұстаз келбеті» деген сөзді «ұстаз, мұғалім болмысы» ұғымымен алмастырып қолданғанды жөн көріп отырмын. Себебі мұғалім қызметінің мәнін болмыс сөзі дәлірек ашатын секілді. Келбеттің келісті болуы – маңызды шарттың бірі. Алайда болмысында ұстаздық қасиеті жоқ адамның келісті келбеті мәселені толық шеше алмайды. Сондықтан мұғалім болмысы оның қоғамдағы келбетін танудың басты кілті болуы тиіс деп есептеймін.
Оқыту – мәніс (А.Байтұрсынов теориясы) пен әдісті үйлестіріп, шығармашылықпен астастыра жүргізетін жұмыс. Білім, тәжірибе мен өнер мұғалім болмысынан аңғарылып тұруы керек. Игерген білімін оқыту өнерінің әдістері арқылы шәкіртінің көңіліне құя білген ұстазды тұлға деп есептесе болады. Алайда мұның оңай еңсерілмейтін шаруа екендігін ұстаздар қауымы өте жақсы біледі. Білімді ұстаздың әдісі кем болса, кейде әдіске жетік маманның білімінен кемдік көрініп қалады. Оқыту ісіне ұстаздық болмысын адал жұмсаған адамның тұлға деп бағаланары сөзсіз. Қазіргі кезде де тұлға биігіне көтерілген ұстаздар аз емес. Алайда ұстаздың елге тұтқа болатын тұлға-шәкірт тәрбиелеп шығаруы одан да маңызды деп ойлаймын» дейді.
Елімізде осыдан біраз жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған болатын. Бұрынғы білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов ұстаздардың қоғамдағы мәртебесінің айқындалып, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мейлінше күш салды. Мәселе материалдық жағдаймен есептелмейтіні анық. Десек те, аталған заңның қабылдануы орта білім қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен беделін арттыруға бағытталға-ды. Осы ретте, Ұлжан ұстаздың пікірін білмекке талпындық.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына шын қуандық. Білім үйретумен айналысатын адамға құрмет жоқ елде болашақ болмайды. Себебі қай дәуірде де ата-бабамыз мұғалімдік істі ең абыройлы қызметтің қатарына жатқызған. Ілім игерген кісіні айтпағанның өзінде сауаты бар кісіні қадірлегенінің өзі көп жайды аңғартады. Мағжан ақынның «…алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын, төр – мұғалімдердікі» деген атақты сөздің жалғасы былайша сабақталады: «Бүгінгі күні де ұстаздарды осы құрметті биіктен түсірмеуге барынша әрекет жасалуда. Себебі жақсы ұстаз ғана адал шәкірт тәрбиелеп шығара алады». Демек, ұстазға құрмет көрсету – бар жақсылықтың бастауы. Педагог мәртебесі, менің ойымша, елдің мәртебесі. Ұстазға құрметпен қараған кісіні еліне жанашыр адам деп бағалаймын. Жақсы ұстазға төрден орын берген елдің болашағы жарқын болмақ. » дейді ол.
Ұлжан маханбетқызының пайымдауынша, Оқу ағарту министрлігінің мұғалім мәртебесіне қатысты қазіргі саясаты дұрыс бағытта жүруде. Министрлік мұғалімнің жолбасшылық миссиясын жақсы түсінгендіктен, алдымен жалақыны көтеруді қолға алды. Бұл жағдай ұстазды әлеуметтік мұқтаждықтан арылтып, жұмысын ықыласпен атқаруына жол аша бастады. Иә, шәкірттер арасында, әсіресе, мектепті үздік бітірген түлектер арасында мұғалімдік қызметті таңдаушылар саны арта түскен. Әрине, мұның бір қыры жалақы мөлшерінің артуына байланысты екендігі рас. Дегенмен мұғалімдік қызметке ықылас білдірушілер саны көбейген сайын, сапа да көтерілетіні анық. Білімнің сапасы артқан сайын мұғалімнің мәртебесі де арта бермек. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Қазақша оқу жайынан» мақаласында: «Бала оқытуын жақсы бiлейiн деген адам əуелi балаларға үйрететiн нəрселерiн өзi жақсы бiлерге керек, екiншi, баланың табиғатын бiлiп, көңiл сарайын танитын адам боларға керек. Оны бiлуге баланың туғаннан бастап, өсiп жеткенше тəнiмен қатар ақылы қалай кiретiн жолын бiлерге керек. Баланың iсiне, түсiне қарап, iшкi халінен хабар аларлық болу керек» деп жазды. Осы талап бүгін де, кейін де өзекті болып қала бермек. Аталған үдеден шыққан ұстазға құрмет қай уақытта да жоғары» дейді
«Баланың көңіл сарайын танитын» (А.Байтұрсынұлы) ұстаз шәкіртінің шырағын қалай жақсам екен деген ойда жүреді деп сенемін» дейді кейіпкеріміз бізбен Ұстаздың бойында болуға тиісті қасиеттерді саралай келе.
Ұстаз бүгінгі жалпы білім беретін мектептердегі білім сапасына қатысты, орта білім саласында өзекті мәселелер туралы ойын былайша сабақтады.
«Мұғалімдік қызметті мемлекеттік маңызы зор іс деп ұғынбайынша, білім сапасы арта қоймайды. Соңғы уақытта мектеп оқулықтары көп сыналып жүр. Сыналатын жөні бар. Оқыту саласына жаңа жүйе арқылы енген тың бағыттар мен әдістер тиянақты сараланбай, тәжірибеде шыңдалмай оқулықтарға еніп кетті. Оның кемшілігі оқыту үдерісі кезінде анық байқалды. Оқулық авторлары өз еңбектерін қосымша ресурс көзі деп қарауды ұсынды. Мектеп оқулығы, менің ойымша, алтын қазық болуы тиіс. Себебі пән жайындағы негізгі таным мен пайым, пәндік ұғымдар мен терминдер сол жерден алынады. Өкінішке орай, әу баста оқу бағдарламасында кеткен кемшіліктер оқулықтан көрініс тапты. Мәселен, қазақ әдебиеті пәні оқулығында ұсынылған кейбір шығармаларға әдеби талдау жасау мүмкін емес. Шығарманың мазмұны жұпыны. Кейбір шығарманың мазмұны терең болғанымен, берілген сыныптың жас ерекшелігіне сай келмейді. Мұндай кемшілік 5-11-сынып оқулықтарының бәрінде бар десем қателеспеспін. Білім сапасының артуына сапалы оқулықтың ықпалы зор. Оқулық авторының мектептегі оқыту ісіне жетік болуы міндетті. Бала оқытатын ұстаз, ұстаз қолданатын оқулық, оқулықты тұтынатын шәкірт мықты болмайынша, болашақтың жарқын болуы неғайбыл» дейді тәжірибелі ұстаз Ұлжан Маханбетқызы.
Біз Ұлжан Маханбетқызын келе жатқан Ұстаздар мерекесімен құттықтай отырып, оған шығармашылық табыстар тіледік.