Биылғы жаңа оқу жылында Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдарының саны 1058-ге жетті. Оның 910-ы мемлекеттік, 148-і жекеменшік мектептер. Жалпы қазіргі таңда осы мектептерде 530 мың шәкірт білім алуда. Оның 52 593-і бірінші сыныпқа қабылданды.
Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан бірден-бір өңір – Түркістан облысы. Балабақшаларда, мектеп, колледж, лагерьлерде жалпы 300-ден астам білім беру ұйымдарында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай ауқымды құрылыс жұмыстары білім саласының тарихында бұрын-соңды болмаған. Атап айтқанда, 193 мектеп пен балабақша ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мақсатта бюджеттен 10,1 млрд. теңге бөлінген. Оған қоса 106 білім нысанының жылу жүйесін көмірден газға ауыстырудамыз. Ол үшін 2,1 млрд. теңге бөлінді. Тағы 12 колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оның 5-еуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.
«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында өңірімізде соңғы екі жылда жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Атап айтқанда, 300 орынды – 11 мектеп, 600 орынды – 25 мектеп, 900 орынды – 15 мектеп, 1200 орынды – 6 мектеп, 1500 орынды – 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп бар. Биыл 22 900 орынды құрайтын 29 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Аймақтар бойынша айтар болсақ, Түркістан қаласы мен Жетісай, Келес аудандарында үш, Сарыағаш ауданында төрт, Шардара ауданында екі мектеп пайдалануға берілсе, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Арыс қаласында бір-бір мектеп алғашқы оқушыларын қабылдайды. Аталған мектептердің 19-ы осы қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жайлы мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің 7-еуі толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшіріледі. Қалған 22 мектепке оқушылар әр мектептен жиналады, бұл мектептердің оқушылары баланстан балансқа ауыстыру тәртібімен оқулықпен толық қамтамасыз етіледі. Жайлы мектептер педагогтарының біліктілігін арттыру бойынша Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде.
«Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар атқарылды. Жалпыға міндетті білім қорына облыстық бюджеттен 390 млн. теңге қаралған. Оның ішінде ыстық тамаққа – 7,3 млн. теңге, жазғы демалысқа 3,6 млн. теңге және оқушылардың мектеп формасын алуға 2,6 млн. теңге қарастырылған. Биылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан 60 693 балаға (Ұлттық білім беру деректер қорынан (НОВД) алынған балалар саны) 2 634 501 теңге қаралды.
Әр балаға мектеп формасына облыстағы экономикалық есептеулер бойынша 43 407 теңге белгіленген (республикалық бюджет туралы заңнамаға сәйкес ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен емес мөлшерде белгілейді). Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына көмектесу үшін қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытты.
Атап айтқанда, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан 16 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын алып берді. Сонымен бірге, «Дәулеттен» ЖШС-і жаңа оқу жылында 1-сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдірді.
Облыстағы 881 білім беру ұйымында балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету қажет. Алайда, 48 (Келесте – 9, Отырарда – 10, Сауранда – 5, Төлебиде – 6, Түлкібаста – 11, Шардарада – 7) мектепте асхана жоқ. Тамақтандыру мәселесін шешу үшін Сауран ауданындағы 5 мектепке буфеттік тамақтану енгізілсе, қалған 43 мектепте мәселе тасымалдау арқылы шешілмек. Аталған мектептердің 4-еуі типтік болса, қалған 44-і бейімделіп соғылған мектептер қатарында.
Сонымен бірге, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмаған 22 мектепте (Бәйдібекте – 3, Отырарда – 2 ,Жетісайда – 1, Сайрамда – 3, Келесте – 7, Төлебиде – 1, Түркістанда – 6) асханаға қажетті талаптарды сақтау үшін су құбырларын кіргізу, жарықтандыру, тағы сол сияқты жұмыстар жүргізілді. Өңіріміздегі 8 мектеп асханасына СЭС қорытындысын алуға өтініш жолданған.
Биыл облыстағы 70 мектептің асханасына құрылыс жұмыстарын жүргізу және қажетті заттармен қамтамасыз ету мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы арқылы шешіледі.
Жандос МАХАНБЕТОВ,
облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.