Өңірде білім беру мекемелерінің ғимараттарын салу жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, 21 білім нысанының құрылысы қолға алынып, оның 4-еуі ел игілігіне тапсырылған. Жыл соңына дейін 10 білім нысаны тапсырылады, 7-еуі келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы да сәтті жүзеге асырылуда. Осы жоба арқылы 63 мектеп салу көзделген. Оның 29-ының құрылысы аяқталуға жақын.
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласында салынып жатқан «Жайлы мектептердің» құрылыс жұмыстарын қадағалап, мердігер мекемелер мен жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
Жаңа қала аумағында 2 мектеп бой көтеруде. Сонымен бірге «Яссы» шағынауданында 1200 орынды білім ошағы салынып жатыр. Мердігері – «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ. Құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында басталған нысанды биыл жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Облыс әкімі сала жетекшілеріне жұмысты жеделдету, құрылысшылар санын көбейту, білім ұяларын талапқа сай салу жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге мектептерді білікті ұстаздармен қамту мәселесі де назарда тұруы керектігін жеткізді.
Айта кетейік, биыл өңірімізде 52 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында облысымыздағы орта білім беру ұйымдарының саны 1060-қа жетті. Оқушылардың болжамды контингенті 500 мыңнан асады. Оның ішінде 1-сыныпқа 52 593 бала қабылданды. Биыл үнемделген қаражат есебінен 300-ден аса білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жемқорлық жолымен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, ол мектеп құрылысына жұмсалуда. Осы қор арқылы облыста 20 мектептің құрылысы жүруде. Оның 13-і биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, биыл облыстағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы мақсатта 29 «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде, онда 14 мың оқушы білім алады.
Облыс халқының 38%-ы – балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда облыста 2-6 жастағы 187 612 бала мектепке дейінгі тәрбие орындарына, яғни балабақшаға барады. Түркістан облысында 50 колледж бар, онда 71 мамандық бойынша 30 000 студент білім алуда. Одан бөлек, мемлекеттік мектептерде – 17 271, жекеменшік мектептерде – 13 110 бала білім алады.