Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде Сабыр Рақымов атындағы 300 орынды мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қызылқия ауыл округіне қарасты Атажұрт елді мекенінде 100 орынды «Айнатас» негізгі орта мектебінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.
Айта кетейік, биылғы жылы Қазығұрт ауданы бойынша 2 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Атажұрт ауылы бұған дейін мектебі жоқ елді мекендер қатарында еді. Қазіргі таңда бұл жаңа мектепте 235 оқушыға 21 мұғалім сапалы білім беруде. Мектеп 2 қабаттан тұрады, 19 оқу сыныбы, 35 орынды асхана, арнайы пән кабинеттері (физика, химия, информатика) қарастырылған. Бұдан бөлек, зертхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Спорт залы тек мектеп ішінде емес, аулада да ойын алаңдары салынған.
Осы оқу жылында Отырар ауданында Балтакөл ауылдық округі, Ақкөл елді мекеніндегі Ж.Егембердиев атындағы жаңа мектептің де лентасы қиылды. Бұл білім ордасы шағын жинақты негізгі орта мектеп ретінде 1990 жылдан бастап 2024 жылға дейін ыңғайластырылған ғимаратта жұмыс істеп келді. Жаңа мектептің типтік жаңа ғимаратының құрылысы 2023 жылы қазан айында басталып, биылғы оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Мектеп ғимараты 100 балаға арналған, екі қабатты, типтік үлгіде салынған.
Мектептің 5 оқу кабинеті және бір интерактивті-компьютер бөлмесі, 36 орынды асханасы бар.
Сауран ауданында жаңа оқу жылында 4 мектеп ашылды. Оның 1-еуі мемлекеттік, 3-уі жекеменшік мектеп. Ал, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Атап өтсек, С.Қожанов елді мекеніндегі 300 орынды, Еңбекші дихан елді мекеніндегі 600 орынды, Аша елді мекеніндегі 600 орынды білім ұялары оқушыларға есігін айқара ашатын болады.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданында 350 орынды заманауи мектеп пайдалануға берілді. Дербісек елді мекенінде ашылған мектеп жеке кәсіпкер Серік Нарбаевтың есебінен салыныпты.
Сарыағаш ауданында биыл тағы бір жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніндегі Н.Әбдіров атындағы №40 негізгі орта мектебінің 200 орынды оқу ғимаратының құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Сарысулықтар мектеп салып берген мердігер мекеме «Өмірзақ» ЖШС құрылысшыларына алғыстарын білдірді.
Бұл білім ұясында 16 білікті ұстаз 80 оқушыны білім мен тәрбиеге баулымақ. Жаңадан бой көтерген оқу ғимаратында 15 оқу сыныбы бар. Химия, биология, физика, информатика, лингофон және мультимедиялық арнайы пән кабинеттері озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. 30 орындық асхана, кең спорт залы бар. Сонымен қатар, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханаларында станоктар мен тігін машиналары орнатылған. Кітапханасы да талапқа сай.
Кентауда соңғы үлгіде салынған жекеменшік «Bastau» мектебінің де лентасы осы оқу жылында қиылды. Үш қабатты ғимаратта орналасқан мектеп 450 орынға арналған. Бүгінде мектепке 10-11 сынып оқитын 110 оқушы қабылданған. Алдағы уақытта оқушыларды 7-сыныптан қабылдау жүргізіледі. Мұнда оқушылардың білім алуына толық жағдай жасалған. Жаңа мектепте оқу бөлмелері, компьютер сыныбы, мәжіліс залы, асхана, кітапхана, бәрі-бәрі соңғы үлгімен жабдықталған. Сондай-ақ, үлкен спорт залы мен мектеп ауласында ашық ойын алаңша орналастырылған.
Сайрам ауданында да 500 орынды қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылында «Бақдәулет» жекеменшік бастауыш мектебінің 500 орынды қосымша жаңа ғимараты ашылды.
Арыс қаласында биылғы алғашқы қоңырау салтанаты ерекше аталып өтті. И.Журба атындағы мектеп шәкірттері Білім күнінде қос қуанышты қатар атап өтті. Біріншісі – көптен күткен білім күні болса, екіншісі – өздері оқитын білім ошағы жаңа кейіпке еніп, жаңадан қосымша 300 орынды оқу корпусы ашылды. Айта кетейік, 1037 оқушы білім алатын И.Журба атындағы мектепте 95 ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 96 оқушы қабылданды. Оқушы санының артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 300 орынды оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Үш қабаттан тұратын ғимараттың ыстық суы да, суық суы да ішінде, ойын және спорттық алаңшалар салынған. Барлық оқу кабинеттері жаңа парта, үстелдермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.
Төлеби ауданы, Тағайна елді мекеніндегі 200 орынды мектеп пен Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебінің құрылысы да толық аяқталып, пайдалануға берілді. Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Төлеби ауданында тозығы жеткен 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары, 33 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Бесқұбыр елдімекеніндегі С.Сейфуллин атындағы №25 жалпы білім беретін мектебінде 300 орынды қосымша жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Түлкібас ауданында да 300 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бақыбек шағынауданында осы уақытқа дейін 50 орынды саманнан салынған «Кезең» бастауыш мектебі жұмыс істеп келген болатын. Мұнда жаңадан үйлер салынып, халық санының күн санап өсуіне байланысты жалпы білім беретін мектеп ашу қажеттілігі туындаған. Білім ұясының мектепалды даярлық және 1-11 сыныптың оқу бағдарламаларын оқытуға барлық мүмкіндігі бар. Жаңа мектеп зертханалық кабинеттермен, спорт залы, бастапқы әскери дайындық кабинеттерімен толық жабдықталған. Сонымен қатар, химия, биология, физика, информатика, ұлдарға және қыздарға арналған (шеберхана) технология кабинеттері де барлық талапқа сай. Оқушылардың тамақтануына арналған типтік үлгідегі 100 орынды асхана, 24 оқу кабинеті бар. Оның бірінші қабатында бастауыш сыныпқа арналған 9 кабинет, екінші қабатта – 5, ал, үшінші қабатында 7 оқу кабинеті бар. Сонымен қатар, 2 зертханалық кабинет, 1 бастапқы әскери дайындық кабинеті, 6 информатика, 4 технология пәнінің практикалық кабинеттері, саз балшықпен жұмыс істеу, өнер пәніне арналған кабинеттер бар. Барлық кабинет талапқа сай жабдықталған.