Буллинг сөзі – «бұзақылық», «зорлық – зомбылық көрсетуші», «қорқыту» деген мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, буллинг – адамды қорлау. Қазіргі таңда буллинг терең белең алуда. Буллинг қоғамның әр түрлі топтарында немесе тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарында, сәтсіз отбасыларда, интернет желісінде де көрініс табуда. Буллингтің физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық зорлық-зомбылық тәрізді түрлері болады. Қорлаудың осы түрлерінің бәрін біріктіретін бір қасиет бар, ол агрессиялық іс — әрекеттің әлсіз, қорғансыз адамдарды қорлауы.
Қорлау кезінде жәбірленушіден мынандай белгілерді аңғаруға болады:
— кейімдердің жыртылуы;
— зақымдануы;
— денедегі жарақаттар, дененің көгеруі;
— қымбат заттарының жоғалуы;
— тәбеттің төмендеуі;
— қорқынышты түстер көру;
— үнемі өзін мазасыз сезіну;
— адамдармен қарым-қатынасқа түсуден бас тарту, т. б.
Осындай күйге түскен яғни, буллинг құрбаны болған жанға қолдау көрсетіп, демеу болып, оған жалғыз емес екендігін жеткізу қажет. Оның әрбір айтқан сөздерін мұқият тындап, сізге сенуге деген дайындығын бақылау керек. Жәбірленуші өзін мықты тұлға ретінде көрсетсе ғана буллингті тоқтата алуы мүмкін. Алайда, өкінішке орай, көп жағдайда жәбірленуші мұндай әрекеттерге дайын болмай жатады, сондықтан көмекке мұқтаж болып келеді.
Буллингке адамдар үш тараптан қатысады: жәбірленуші, агрессор немесе куәгер ретінде. Бұл істің ең ауыр психологиялық зардаптарын бірінші кезекте жәбірленуші шегетінін белгілі. Алайда, зерттеулер нәтижесі бойынша, қорлаудың теріс салдарлары куәгерлерге де, түптің түбінде тіпті агрессордың өзіне де келіп тиеді екен. Жәбірленуші үшін буллингтің қауіпі орасан зор, оның дәлелі ретінде әр түрлі деңгейдегі психологиялық және психосоматикалық аурулардың пайда болуы мен суицидтық ойларды келтіре аламыз.
Буллинг өкінішке орай қазіргі кездегі жасөспірімдер арасында көптен кездесуде. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 7 мен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 44 пайызы «буллинг-агресситі» болып келеді. Бұл қоғамда қауіпті нәрсе ретінде бағаланбайды, байқалмайды. Мектептегі мұғалімдер буллингті екі жақтың арасындағы ерегіс, қақтығыс ретінде ғана қабылдайды. Бірақ ерегіс дегеніміз – мүдделері келіспей қалған, дәрежелері тең адамдардың антагонизмі (бәсекелестігі). Ал буллинг – бұл күштінің әлсізге жасаған әлімжеттігі. Кейде ұстаздар оқушылар тарапынан пайда болатын агрессияға көз жұма қарайды және тек физикалық қорлауды ғана ажыратып, тани алады. Әдетте қорлауды болдырмас үшін агрессормен тәрбиелік әңгіме жүргізу және агрессордан жәбірленушіге кешірім сұрату жеткілікті деп саналады. Алайда бұл қате тәсіл агрессордың жәбірленушіге деген ызасы мен көрсететін қысымын арттыруы мүмкін. Оның үстіне, жәбірленушінің жан жарасын агрессордың мәжбүрлі түрде айтылған бос сөзімен жазып, емдей алмайсың.
Жәбірленушіге көмектесу үшін: ата-ана баласы буллинг құрбаны болғанын байқаса, онымен отырып сөйлесу керек. Балалар көп жағдайда ол тақырыпты қозғаудан қашады. Сондықтан жағдайдың мән-жайын анықтау үшін талпыныс жасау керек. Мектеп әкімшілігіне хабарласыңыз, болған жайтты талқылау үшін агрессор мен ата-анасын шақыртыңыз. Әрине, ата-аналар мәселеге араласуы керек. Яғни, сіздің балаңызды ренжіткен баламен емес, ең алдымен оның ата-анасымен сөйлесу керек. Жағдай дөрекілікке ұласып кетпеу үшін әңгімелесу стратегиясын құрып, нақты деректер мен дәлелдер келтіру керек. Егер бұл көмектеспесе, баспасөз бен құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуіңізге болады. Ол үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту барысында қажет болатын (скрин, аудио, видео, файлдар) заттарды баланы ренжіткен адаммен, болмаса оның ата-анасын жауапқа тарту үшін сақтап алу қажет. Сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармаңыз, жақындарыңызға жанашыр болыңыз!
Қ.Молдабек,
Теолог маман