Түркістан облысындағы әйелдер қауымы қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Олар отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне де үлес қосып келеді. Әсіресе, білім саласындағы қыз-келіншектердің үлесі жыл санап арта түсуде. Соның бірі — ұстаз Алибаева Мариям Аубакирқызы.
Ұстаз – қоғамның алтын діңгегі, адамзаттың шамшырағы. Олар арқылы ұрпақтың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Кешегі буын өкілдерінің рухани тұрғыда бай, ұлттық құндылықтарға берік болуы әліппе жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болмағы мұғалімдердің бүгінгі еңбегіне байланысты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады» деп білім саласын дамытуға, оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударды. Бұл – Президенттің білім саласына және оның қызметкерлеріне деген жанашырлығы. Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалім мәртебесін көтеру, оқыту мен тәрбие жұмысын жетілдіре түсуге жағдай жасау және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитеті әлеуметтік әріптестер ретінде білім саласы қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайын жасауға, әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етуге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған жұмыстарды бірлесе атқарып келеді. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамытуға, әлеуметтік жағынан қорғауды арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Кейіпкеріміз Алибаева Мариям Аубакирқызы 1964 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Өзбекстан Республикасы, В.И. Ленин атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1986 жылы осы оқу орнын Физика мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Еңбек жолын 1986 жылы Түркістан қаласындағы №1 кешкі мектебінде физика-математика пәні мұғалімі болып бастаған. Содан 1987 жылы сегіз жылдық Шорнақ мектебінде, 1990 жылы Фрунзе атындағы орта мектебінде, 1997 жылы А.Науаи атындағы №13 жалпы білім беретін мектебінде абыроймен қызмет атқарып келді.
Ал, 2000 жылдың 25 тамызынан бастап №2 Хамза атындағы жалпы білім беретін мектебіне физика пәні мұғалімі болып қабылданып, қазіргі таңға дейін аталған білім ордасында өз жұмысын жалғастыруда. Білімін әрдайым жетілдіріп отыратын білікті ұстазымыз Мариям Аубакирқызы кәсіподақ мүшесі, кәсіподақ комитетінің барлық бастамаларын қолдайды. Өз жұмысына адал және үлкен жауапкершілікпен қарайды, кішіге үлгі болып, барлық тәжірибелерімен бөлісіп оларға үйретумен келеді. Саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнап, осы салада ұзақ жыл қалтқысыз қызмет еткені үшін еңбегі елеусіз қалған емес.
Еңбек еткен жылдары Мариям Аубакирқызы 2012 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2017 жылы Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2023 жылы Республикалық «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2022 жылы Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің Құрмет Грамотасымен, 2023 жылы Қазақстан Республикасы оқу ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен, 2021-2023 жылдары Түркістан облысының Білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Сонымен қатар, кейіпкеріміз еліміздегі білікті педагогтарды анықтау және оларды қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын облыстық, республикалық олимпиадаларда үнемі жеңімпаздар қатарынан табылып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтар болсақ, Алибаева Мариям Аубакирқызы 2020 жылы «Түркістан облысының әдістемелік орталығы» КММ-нің IV облыстық пән олимпиадасында — 1 орын, 2021 жылы «Ең білімді педагог» облыстық олимпиадасында — ІІІ орын, 2023 жылы Республикалық ПедСтарт олимпиадасында — І орын иегері атанған.