Дийметова Дильбар Абдуразакқызы бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз. Айта кетейік, өңіріміздегі қыз-келіншектер қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Олардың ішінде білім саласында үлкен жетістіктерге жеткен нәзікжандылар көп. Кейіпкеріміз Дийметова Дильбар Абдуразакқызы қазіргі таңда мектеп директоры қызметін абыроймен атқаруда.
Ол 1972 жылы 16 қарашада Түркістан қаласында дүниеге келген. 1979 жылы Түркістан қаласындағы С.М. Киров мектебінің 1-сыныбына оқуға барып, 1989 жылы аталған білім ошағын Күміс белгімен аяқтаған. 1989-1994 жылдары Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысы, Гүлістан қаласындағы Гүлістан Мемлекеттік университетін «Өзбек тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бұдан бөлек, 2013-2015 жылдары Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша өз білімін жетілдірді.
Жастайынан ұстаздық жолды таңдаған Дильбар Абдуразакқызы еңбек жолын 1994 жылы Түркістан қаласындағы Ш. Ниязов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өзбек тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастаған. 1995 жылы Түркістан қаласындағы бір ғасырдан астам тарихы бар №2 Хамза атындағы жалпы білім беретін мектебіне «Өзбек тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. 2009 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2011 жылы бастауыш сыныптар бойынша директор орынбасары, 2014 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 2020 жылдың 9 желтоқсаннан бастап осы аталған білім ордасының мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Бүгінде ұлағатты ұстаз ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз еңбектеніп келеді. Білім сапасының артуына үлес қосып, талай жыл талмай еңбек етіп келе жатқан Дильбар Абдуразакқызының еңбегі де елеусіз емес. Ол 2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Өнегелі азамат» және Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен, 2019 жылы Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен, 2020 жылы«Білім беру саласындағы озаты» төсбелгісімен, 2021 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен және Қазақстандағы өзбек халқының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрлерін, ұлтаралық татулығын дамытуға қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін «Дўстлик» медалімен, 2023 жылы Республикалық «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанған.
Бұдан басқа еңбек еткен жылдары облыстық, қалалық білім басқармаларының және кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінде кейіпкеріміз еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кәсіподақ комитетінің барлық бастамаларын қолдап, әрдайым әріптестерінің мүддесін қорғап келеді. Сондай-ақ , әлеуметтік маңызы зор қалалық жобаларға да белсене атсалысады. Бойына адалдық, әділдік, қамқорлық, еңбекқорлық сынды жақсы қасиеттерді жинай білген Дильбар Абдуразакқызы оқушылар мен ұжымдастарына сыйлы, ата-аналар арасында үлкен құрметке ие.
Орайы келгенде мектеп директорларына қатысты жағымды жаңалықпен бөлісе кетейік. Түркістан облысының 700-ден астам мектеп директоры министрлік мониторингінің қорытындысы негізінде басқару құзыреттіліктерін арттырмақ. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өткен жылдың қараша айындағы білім беру ұйымдарының қызметін кешенді талдау және бағалау қорытындысы бойынша Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарының, сондай-ақ Арыс және Түркістан қалаларының мектептерінде білім беру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Түркістан облысында жүргізілген кешенді мониторинг сегіз негізгі критерийді қамтыды, оның ішінде білім ұйымдарының кадрлық құрамы да бар. Қазіргі уақытта «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы халықаралық сарапшыларды тарта отырып, өңірлерден 767 басшының біліктілігін арттыру және басқару құзыреттерін дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.
«Бұл шара білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді және білім беру процесінің сапасын жоғарылатуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1000-нан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңарту мен қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Сапалы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін міндетті нормативтік тізбе тиісті сәйкестікке келтірілді», — деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Эльмира Кадимова.
Сонымен қатар, педагогикалық құрамның сапасын арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен ынтымақтастық орнатылды. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар оқушылардың академиялық көрсеткіштерін арттыруға, білім ұйымдарындағы жалпы ахуалдың жақсаруына және мектеп, ата-ана мен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.