Келес ауданы Т. Бегманова атындағы №8 жалпы білім беретін мектептің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дустанова Робия Қамшыбекқызы қазақ классик ақындарынан және қазіргі қазақ поэзиясынан 135 өлеңді өзбек тіліне аударған, сонымен қатар түрік, әзірбайжан, құмық, өзбек, қарақалпақ, орыс тілдерінен 111 өлеңді қазақ тіліне де аударған.
Айта кетейік, бұл дарынды мұғалім Қазақстанға 2000 жылдардың басында көшіп келген. Қазіргі таңда аталған білім ордасында жас ақындарды тәрбиелеп, балаларға сапалы білім беруде.
— Жас кезімнен ақындық өнерге қатты қызықтым. Бүгінгі күні балаларға өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонымен қатар, сабақ барысында әлем ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейміз. Қазақ тілінен өзбек тіліне Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан 50 өлең, басқа қазақ классик ақындарынан 41 өлең, заманауи қазақ поэзиясынан 44 өлең, жалпы 135 өлең аудардым. Өзбек тілінен қазақ тіліне болса, Умида Абдуазимовадан жеке аударма кітаптан ( «Қос қанат» ) 44 өлең, басқа өзбек ақындарынан 52 өлең, қарақалпақ тілінен Бердақтан 1 өлең, орыс поэзиясынан 6 өлең, құмық тілінен 5 өлең, түрік және әзірбайжан тілінен 2 өлең аударғанмын. Әлі де шығармашылық ізденістемін, — дейді Робия Қамшыбекқызы.
Ұлағатты ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысып тұрады. Ақын ұстаздың жинақтары Түркия, Өзбекстанда басылған жинақтарға да енген. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 85 112 педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.