Келес аудандық білім бөліміне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің тарихи-археологиялық мұражайында құнды жәдігерлер жетерлік. Соның ішінде мектеп ауласынан табылған 1353 жылы тастан жасалған қолдиірмен бар.
Мектеп басшысының мәлімдеуінше, мұражайда ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиесілі ағаш шоқпар мен ожау, ежелгі қаңлы дәуіріне тиесілі сазбалшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар. Сондай-ақ, сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек, кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған.
– Жүзімдік ауылында орналасқан мектеп ауласына 1985-1986 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Жалпы аумағы 68 шаршы метрді құрайтын мұражай екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы – 56 шаршы метр. Мұражайда жалпы 152 экспонат бар. Балалар қазіргі таңда осы жәдігерлерді зерттеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жазуда, – дейді мектеп директоры Ақмарал Қамбарова.
Ұстаздардың айтуынша, қазіргі кезде де мектеп ауласында, ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады. Тарихшы мамандардың қорытындысына сәйкес, осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың I-XIII ғасырларындағы Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады.