Бүгінде елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар жолға қойылып, бағдарламалардың шарапатын көріп отырған кәсіпкерлер аз емес. Сол бағдарламалардың бірі – «Бизнес бастау». Бағдарламаның көмегімен жас кәсіпкер арнайы оқу курсынан тегін өтіп, тиісті сертификатын ала алады. Сертификаттың көмегімен бизнес бастауға берілетін бір реттік мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады. Түркістан облысы, Кентау қаласында осы көмек арқылы бизнесін бастағандар аз емес. Сондай жандардың бірі – Дүйсенкүл Пернеханқызы.
Өз кәсібін жолға қоюды мақсат еткен ол 2020 жылы арнайы курстан өтіп, конкурстан грантты ұтып алған. Кондитер өнімдерін жасайтын оның өнімдері сұранысқа ие. Бөлінген грантқа арнайы пеш, тоңазытқыш және миксер алған. Қазір той-жиындарға тапсырыс қабылдап, өз үйінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Болашақта кәсібін кеңейтіп, үлкен наубайхана ашу жоспары да бар. Сол жолда тырмысып еңбек етіп келеді.
Кентау қаласы бойынша 2020 жылы 299 адам грант ұтып алса, 2021 жылы бұл мүмкіндік 115 адамға туған. Айта кететіні грантқа бөлінген қаржыға тек кәсіп бастауға қажетті құрал-саймандарды ғана алуға болады. Ал, кәсбін дөңгелетемін деген жандар үшін мемлекет тарапынан төмендетілген пайызбен несиелер қарастырылған.
«Бастау бизнес» жобасы маған қажетті техниканы сатып алуға мүмкіндік берді» деп әңгімесін бастады Дүйсенкүл апай.
«Үйде отырған соң неше түрлі тағамдарды, тәттілерді пісіресің. Бұрыннан да әдетім интернеттен қарап ұнаған тағам түрлерін пісіру еді. Жалпы менің қолымнан келетін және жақсы көріп жасайтын ісім – тамақ пісіру, іс тігу және шаш қию. Үйде отырған соң, жайлап торттар пісіре бастадым. Торттарым өз отбасыма, қонақтарыма, туысқандарым мен достарыма ұнайтын. Кейін таныстарым тапсырысқа сұрай бастады», — деген кейіпкеріміз, өзінің қандай іске икемділігі бар екенін де айта кетті.
Дүйсенкүл апай нан-тоқаш пісіруді жастайынан жақсы көреді. Оған түрлі мерекелерге балкүлшелер, печенье мен бәліш пісіру қатты ұнаған. Қызықты рецепт пен кішкене фантазия қосу арқылы керемет тәттілер жасалды. Барлығы тамсанатын.
Дүйсенкүл апайдың айтуынша, ең бастысы дайындалатын тәттілер химиясыз, табиғи таза өнімнен жасалады.
Кәсіпкер тәтті өнімдердің 20-дан аса түрін әзірлейді. Соның ішінде, әсіресе «Вупи пай» деп аталатынына сұраныс аса көп. Өнімнің жоғары сапасы мен сырт келбетінің көркемдігі үшін ғана емес, бағасының қолжетімді болуына да аса мән береді. Кәсіпкер дастарханға қоятын өнімнің сапасына басты мән береді. Өнімдерін Кентау қаласының тұрғындары мен қала дүкендеріне жеткізіп, мереке күндері тапсырыс қабылдайды. Жалпы, соңғы жылдары Кентау қаласы тұрғындарының кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысу қарқыны артқан.
«Қазіргі уақытта тәттілерді үйден пісіріп, сатамын, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ/ЕСП) төлеп жұмыс жасаймын. Осыған дейін мен торттарды тек өзіміз үшін ғана пісіретінмін, тапсырыс алмағанмын. Грант алып, шеберлік сағатын өткеннен кейінгі ең бірінші тапсырысым қос ярусты торт болды. Өзімнің таныстарым жастардың той дастарханына тапсырыс берді. Мен болсам әлі қос ярусты торт пісіріп көрмеген едім. Бірақ, тәуекел етіп ең бірінші тапсырысымды алдым. Қалай пісіру керек, ол ярустарды қалай бекіту керек, әшекейлерін қалай жасау керек, осының барлығын интернеттен іздеп, ақпарат қарадым. Тапсырыс берушілердің көңілінен шығуы үшін, қонақтарына ұнауы үшін бар ниетімді салып пісірдім, мен үшін өте жауапты қадам болды. Нәтижесінде торт клиенттеріме ұнады. Олар тойдан кейін хабарласып, торттың дәмді болғанын, қонақтардың көңілінен шыққанын, өздеріне жетпей қалғанын айтып, ризашылығын білдірді. Соңынан өздері үшін тапсырыс берді. Осыдан кейін жайлап тапсырыстар түсе бастады» – деп ең алғаш тапсырысы жайында толқи баяндады Дүйсенкүл Пернеханқызы.
«Кейде аптасына 2-3 торт болады, кейде мүлдем болмауы мүмкін. Кей уақытта 20-30 шақты самсаға тапсырыс береді. Мысалы, көктем және жаз айларында тапсырыс өте көп болды, мен демалыссыз жұмыс жасадым. Бір айда 100 мың теңге табыс таптым. Сұранысқа қарай, тапсырыс бойынша тәттілердің барлық түрін пісіремін. Клиенттің көңілінен шығу үшін барымды салып жүрмін. Қазір бәрі тез дамитын заман, торт және торт өндіру саласында да неше түрлі жаңалықтар бар. Сол заман талабына сай болып, бірге алып жүру қажет. Нарыққа жақсы өнім ұсыну үшін, өндіретін өнімің бәсекеге қабілетті болу үшін бастапқы жылдары өзің қосымша қаржы бөлмей іс дамымайды. Шығын болмай, кіріс болмайды деген аталарымыз. Тапсырыс тұрақты болуы үшін өнімдерді сататын орын ашу қажет. Осы үшін әрекеттеніп жатырмын, қазір. Әрине ойға алған дүниелер көп, тізімге енгізуге қуана келістім. Өйткені, болашақта кондитерлік өнімдер сататын дүңгіршек ашуды жоспарлаудамыз» – деп әр адамға тән даму жолындағы болашақ жоспарлары туралы да айта кетті Дүйсенкүл апай.
Айтқым келгені, адамның барлығы жетістікті бола бермейді. Алған тәрбиесі, білімі, өмірлік тәжірибесі, біліктілігіне байланысты әр адам әртүрлі. Осыған байланысты, кейбір көп балалы отбасыларға шын мәнінде көмек қажет. Жағдайлар да түрлі болады, көп балалы отбасылардың ішінде бір немесе екі баласы мүгедек болуы мүмкін. Не ата-анасының білім алуға жағдайы болмай, тұрақты жұмысы болмауы мүмкін. Сол себептен мемлекет осы санаттағы отбасылар үшін қарастырған, қамтамасыз етіп отырған мүмкіндіктерді пайдалануға тырысу керек. Мысалы, менің балаларыма мектептен оқу құралын береді, біреу алмауы мүмкін, мен аламын. Өйткені, мектеп барлық көп балалы отбасыларға бірдей жоспарлап, тізім жасап, тең қарастырып, жеткізіп беріп отыр.
Сөз соңында оқу үшін қанша жасқа келсең де кеш емес деген Дүйсенкүл апайымыз, кондитерлік шеберлігін шыңдау үшін түрлі курстарды оқып жатқанын да айтып өтті.