Биылдан бастап «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген кредиттің сомасының мөлшері өсті.
Бағдарламаға ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандар қатыса алады. Бірақ нақты салалар белгіленген. Олар: денсаулық сақтау; білім беру; әлеуметтік қамсыздандыру; мәдениет; спорт; агроөнеркәсіптік кешен мамандары; ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері;
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы тоқсан сайын өз елді мекеніне сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін жасап отырады. Осы тізім бойынша жұмысқа келген мамандарға жеңілдетілген кредиттер мен жәрдемақы беріледі.
Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін кредиттердің ең жоғары сомасы 1500 АЕК (5,5 миллион теңге) болса, биылдан бастап оның мөлшері 2000 АЕК-ке (7 миллион 384 мың теңгеге) дейін өсті. Ақша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға ғана беріледі.
Бюджеттік несие сомасының жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға беріледі. Сондай-ақ 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде бір реттік жәрдемақы төлеу қарастырылған.
Негізгі талапқа сәйкес, жәрдемақы немесе кредит алған маман ауылдық жерде өз мамандығы бойынша кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Құжатты қалай тапсырады
2023 жыл 1 сәуірден бастап Отбасы банкі «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып бекітілді. Сондай-ақ бағдарлама толығымен цифрлық форматқа ауыстырылды. Осыған байланысты барлық өтінім otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.
«Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін алдымен otbasybank.kz порталында тіркелу керек. Одан кейін электронды-цифрлық қолтаңбамен өтінімге қол қою қажет.
Жәрдемақы мен бюджеттік кредитке де өтінішті де бір мезгілде банк порталы арқылы беруге болады.