Бойжеткеннің өкініші Нашақорлық мәселесін көтерер кезде менің көз алдыма осыдан біраз жыл бұрынғы оқиға оралды. Бұл тақырыпқа қалам тербеу үшін мен Түркістан облыстық наркологиялық диспансердегі бөлімшелердің бірін аралап жүрген едім. Сонда бір дәрігер маған нашақорлықтың зардабын тартып жүрген екі қазақ қызымен сөйлесіп, олардың жіберген қателігін тыңдауыма кеңес берді. Олардың бірі 25 жасар, екіншісі 30 жаста. Түр-келбеті келіскен бойжеткендерге қарап, оларды нашақор деп ойлауға дәтің бармайды. Бірақ олар осы дерттен арыла алмай жүрген сормаңдайлардың бірі екен.
Анамның арқасында есірткіден құтылдым
25 жастағы Түркістандық Еңілік (аты өзгертілді) есірткі пайдаланушылар арасында кең тараған «скорость» деп аталатын синтетикалық есірткі түрін бірнеше ай тұтынғанын, бірақ кейін одан құтылғаны жайында айтып берді. Ол қазіргі таңда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-не қарасты Түркістан қалалық пробация қызметінде жазасын өтеп жүр. Оның сөзіне қарағанда, Еңіліктің анасының жәрдемі мен оны оқшау емделудің арқасында кеселден арылған. Бұрын ол екі жыл есірткіге тәуелді болған және оның ауыр түрі – героинды тұтыныпты. Героин табу қиындаған соң қалада енді тарай бастаған «скорость» синтетикалық есірткісіне көшкен.
– Басынды оны бір рет иіскеп көрдім. Сосын қанағат тұтпай, инемен салдым. Соның салдарынан бойымды үрей билеп, есімнен ауысқандай күй кештім, төртінші қабаттан секіргім келді. Сол сәтте анам мені ұстап қалмағанда аман қалмас едім. Оны салған кезде есуас адамның күйін кешесің, бір затты он рет басқа орынға ауыстырып қоясың, тәулік бойы еденді шұқылап жата бересің немесе өзің ойлап тапқан полициядан тығыласың. Я болмаса сені біреу өлтірейін деп қуып келе жатқандай үрейленіп жан-жағыңа жалтақтап жүресің. Өмірің сол бір арнада тұрып қалғанын сезбейсің, — дейді Еңілік.
Ол синтетикалық есірткі қолданатын басқа адамдардың басынан өткен жағдайды да біледі. Еңіліктің айтуынша, мұндай есірткі адамды психологиялық тұрғыда тез шырмап алады. Ал одан шығатын кезде қатты күйзеліп, торығады екен. Еңілік те өзінің екі жылдан аса уақытының босқа өткенін айтып көзіне жас алды. Осы есірткінің салдарынан оқуынан да шығып қалды. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істей алмайтынан қатты өкінеді. Бірақ оның болашаққа деген арманы қайта осы қателікке алып келіп соқпайтына кәміл сенеді.
Ата-анамды жерге қаратқаныма қатты өкінемін
– Менің адасқан тағдырым өзгелерге сабақ болса игі еді, – деп бастады әңгімесін қазақ қызы. – Бір үйдің алақанына салып аялаған қызы едім. Әке-шешем де облысқа белгілі жандар болатын. Әкем табысты да жақсы табатын. Ол ешқашанда менен ақша аяған емес. Өз қатар құрбыларымнан қалмасын деді ме, күнделікті шығындарыма қаражатын артығымен беріп тұрды. Әрине, мен де жоғары оқу орнын бітіріп, ел қатарлы диплом алдым. Енді қызметке кірісемін деп жүргенмін. Міне, сол уақытта күтпеген жерден біреулердің торына қалай түскенімді білмей де қалдым. Есірткі сататын кісілер де анау-мынау кедей-кепшікке жолай қоймайды екен. Олар жағдайы бар, ертең тұрақты түрде клиент болуға жарайтын жастарды торуылдайды. Сол себептен де кімнің кім екенін біліп алады. Өзім де солардың қармағына ілінген шабақ секілді болдым. Әрине, бастапқыда есірткіге бірден бой ұрып кеттім деп айта алмаймын. Адамның ағзасы бірте-бірте үйренеді екен. Содан кейін оған деген тәуелділік пайда болды. Не керек онсыз тұра алмайтын күйге жеттім. Бар қаражатты соларға беретінмін. Жас кезден бергі арманымның бәрі желге ұшты, — деп Ханзада (аты өзгертіліп жазылды) көзіне жас алды.
Ханзаданың бұл әңгімесін тебіренбей тыңдау мүмкін болмады. Ол уақыт өте үйіндегі заттарды да сатып, есірткіні тұрақты қабылдайтынды шығарды. Бүкіл денесін шырмап алған дерттен құтыла алмасын да білді. Содан амалсыз ата-анасына байқатпай көп қабатты үйдегі өзінің бір бөлмелі пәтерін де сатып жіберді. Ата-анасы өз қолын өзі қалай кессін. Жұртқа қызым «нашақор атанып кетті» деп айтуға ұялды. Бірақ «ауруын жасырған өледі» деген де бар емес пе. Қанша жасырғанмен туыстары мен жақын құрбылары Ханзаданың есірткі пайдаланатын біліп, теріс айналды. Ата-анасының басқа амалы қалмағандықтан облыстық наркологиялық диспансерге емделуге жатқызды. Ол аталған диспансерде бірнеше рет ем қабылдап келеді. Алайда одан құтылар жол таппады. Қанша тырысқанмен де емдеу орнынан шыққаннан кейін баяғы ескі достары кездесіп қалып, сол бұрынғы бәз қалпына түсті. Осылайша оның өмірі мән-мағынасынан айрылып, құрдымға қарай батып бара жатты. Ханзада есірткінің ешқандай пайдасы жоқ екендігін де білді. Оның азабын да тартып-ақ жүр. Бірақ қанша тырысса да денесін әбден улап қойған дерттен құтылуға ерік-жігері жетпей тұр. Сол себептен де ол әрбір үйдің еркесі әрі гүлі болып отырған қыздарды бұдан аулақ болуға шақырады. Ол өзінің ата-анасына бақыт әкеліп, қуанышқа бөлеудің орнына қасірет шектіріп, ерте қартайтқанына іштей қатты өкінеді.