Арғын Бастами Түркістан «Білім-инновация» ер балаларға арналған лицейінің география пәнінің мұғалімі. Оның оқушылары республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында топ жарып, күміс, алтын медальге ие болды. Шәкірті әлемнің 42 елінен шақырту алып, үздік атанды.
Ол Қарағандыдағы айтулы білім ошағы – Нығмет Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектептің түлегі. Е.Бөкетов атындағы университетті бітіріп, Астанада, Шымкентте жұмыс істеген Арғын Ержанұлының педагогика саласында еңбек етіп келе жатқанына он жылға жуықтапты. Оның 21 оқушысы республикалық пән олимпиадасынан күміс, алтын медаль алған. Халықаралық білім бәйгесіне қатысып қола жүлде алған оқушысы да бар.
Ұстаздық жолын бастағанына көп жыл бола қоймаған А.Бастамидың еңбегі елеусіз қалмады. 2018 жылы 2017-2018 жылдың «Жыл сынып жетекшісі», «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хаттары мен 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет граммотасы» табысталды.
Арғын отбасында жалғыз перзент. Әкесі механизатор, анасы – педагог. Анасы педагогтер отбасынан шыққан: ұлды-қызды 11 болса, соның 7-еуі педагогика саласында жұмыс істейды. Арғынның анасы да 25 жылдан астам өтілі бар педагог, колледжде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Ұстаздық нағашыларынан берілген секілді…
– Иә, менің шәкіртім Ислам Абдурахманов әлемнің 42 елінен шақырту алып, үздік оқушы ретінде көпшілікке танылды. Алайда, мен бұған дейінде мықты оқушыларды дайындаған едім. 2017 жылы Астанадан Шымкенттегі №1 «Білім-инновация» ер балаларға арналған лицей-интернатына ауысып келіп, ұстаздық жолымды бастадым. Мектептегі Тегістай Медет, Имамай Ерзат деген оқушыларым республикалық олимпиадаларға қатысып алтын медаль, халықаралық додаға қатысып қола медаль иеленіп қуантса, 2022 жылы бітірген оқушым Мирас Сейілхановқа әлемнің 35 елінің жетекші университеттері грант ұсынып, шақыртқан болатын. Бүгінде ол Нью-Иоркта оқып жатыр. Сол жылы күзде ротациялық әдіспен осы мектепке ауысып келдім. Ол кезде мектеп Кентау қаласында еді. Бірден бітіруші сыныпқа жетекші етіп бекітті. Сыныптағы Ислам Абдурахманов деген оқушы Мирастың жетістігін естіп жүреді екен. «Ағай, мен одан да асып түсуге тырысамын, маған көмектесіңізші» деді. Сабақты жақсы оқиды, 8-9 сыныптарында информатикадан, робототехникадан облыстық олимпиадаларға қатысқан. Өте белсенді оқушы. Мектептің президенті болып сайланды, спорт клубтарын ашып, бірнеше еріктілер клубының жұмысын қатар алып жүрді. Шет тілдерін үйреніп, өзін жан-жақты дамытты. Сонымен бітірер кезде портфолиосы мейлінше қалыңдады: мектеп президенті, шахматтан чемпион, бірнеше еріктілер қозғалысында нәтижелі жұмыстарын растайтын сертификаттары қатталды, SAT-тан(шетелдік ЖОО-ға түсу үшін емтихан) жоғары балл алды, ILTS нәтижесі – 7,5 болды. Жалпы, сол жылы 26 оқушының ILTS -тен 11-і 7, 7,5 балл алған. Бұл өте жақсы нәтиже. (Кейде, біз ұстаздар 7,5 ала алмаймыз). Сосын ұсынымхаттарын сауатты, талапқа сай жаздық.. Ұсынымхатта оқушының тұлға ретінде бет-бейнесін ашуға тырыстық. Жалпы, шетелдік университеттер баланың біздегідей тест нәтижесіне емес, тұлғалық даму деңгейіне, белсенділігіне көбірек мән береді. Нәтижеде оқушыма әлемнің 42 университетінен шақырту хаттары келіп жатты. Ислам өзі бизнес жолын таңдады, бүгінде АҚШ-тың Техас штатында НАО университетінде «Бизнес және ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алуда, дейді Арғын мұғалім бізбен әңгімесінде.
Арғын ұстаздың айтуынша Шымкенттегі №1 Білім инновация мектеп интернатындағы жұмысы өте жемісті болыпты. Осы мектепте 5 жыл жұмыс істеп, нәтижеде 16 оқушысы республикалық пән олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінеді. «Астанадан Шымкентке ауысып келуімнің өзі қызық. Шымкентке жолдама бергенде, ол жөнінде ата-анама хабарлауға асықпадым. Келіп, орналасып үш ай өткесін барып айттым. Өйткені ол кісілердің қарсы болатынын білдім. (Оңтүстікті ұнатпайтынбыз). Бала күнімізден санамызда Шымкент туралы жалған стеротиптер болған екен. Көрмеген, халқымен араласпаған адам шаһардың шынайы бейнесін біле алмаса керек-ті. Оқушыларымның ата-анасы арқылы жергілікті тұрғындарды таныдым. Қалаға келмей тұрғандағы қалыптасқан ойымның қате екеніне көз жеткіздім. Еңбекқор, мейірімді, жылы жүзді шымкенттіктермен тонның ішкі бауындай етене болып кеттім. Шымкенттегі бес жылым – бес белес, мен үшін зор нәтижелі, жемісті кезең болды, —дейді ұстаз.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп һәкім Абай айтқанындай, Арғын мектепке таңғы 7.00- де келіп, кешкі 21.00-де үйге қайтатын. Шәкірттердің оқуға ынтасын арттыру мақсатында тынбай еңбектенді. Дәл қазіргі күнде де ұстаз осы күн тәртібіен жұмыс істейді.
Жалпы, жұртшылық НЗМ, БИЛ т.б интеллектуал мектептеріне іріктелген сайдың тасындай балалар оқиды. Жалпы мектептерге қарағанда мұндағы балалармен жұмыс істеу жеңілдеу деп ойлайды. Сырттай қарағанда солай көрінеді, солай ойлайды көбі. Арғын Ержанұлының айтуынша, олай емес. Мұндай мектепке дейін балалар білім беру орталықтарында дайындалып келіп түседі. Олардың миссиясы – баланы қалайда жоғары балл алып, мектепке түсіру. Түсу емтиханы – математика мен ағылшын тілін «қуып, індетіп» оқытады да басқа пәндер тасада қалып қояды. Ал, мектеп тек осы 2 пәнмен шектелмейді. Үздіктер келген жылы бірнеше пәннен «үштік» алып қалып жатады. Оған ата-аналар шамданып «бұл қалай» деседі. Біраз уақыт соны қалпына келтіруге кетеді екен. Оқулықтарында аздаған айырмашылығы болғаны болмаса, бұл мектептің оқу бағдарламасы да жалпы білім беретін мектептермен бірдей. Соған қарамастан, мектепте сапалы білім беру жолға қойылған, оқушыға талап күшті. Арғынның айтуынша, мектеп түлектерінің 30 пайызы шетелдік университеттерге, қалғандары еліміздің жетекші ЖОО-ларына түседі. «Қазіргі баланы дәріске ынталандыру оңай емес. Баланы зейінін аша білу үлкен өнер. Нағыз педагог оны ашады. Бірімен шай үстінде сырлассаң, бірін киноға алып барасың, бірімен доп ойнайсың, табиғат аясына шығып көңілін аулайсың дегендей. Баламен жұмыс істеуде сынып жетекшіліктің рөлі зор. Тек сабақ беру –ұстаздық емес, сабағыңды өтесің – кетесің. Баламен қарым-қатынас жоқ. Мұнда махабат та жоқ, ғибрат та жоқ. Сынып жетекшілік ғибратты іс. Сыныбыңдағы 24 баланың жүрегіне жол табамын деп 24 сағат оларды ойлап жүресің. Үнемі: қай жерден қателестім, қандай қадамға баруым керек деп бас қатырасың. Осымен, 3-ші рет сыныпты бітірткелі жатырмын. Түлектермен бітіріп кетсе де күнде-күнәрә сөйлесіп тұрамыз. «Ағай, осындай мәселе болып тұр, қайтсем болады» деп бір қиырдан хабарласып кеңес сұрайды.Каникулдарында келіп бас қосып, шай ішіп шүйіркелесіміз. Шәкірттерім бауырымдай, перзентімдей болып кетті» деп ағынан жарылды Арғын ұстаз.
Арғынға ұстаздар мерекесі қарсаңында облыс әкімі темір тұлпар тарту етті. Расында, бұл мұғалімдер үшін жақсы мотивация. Арғын бұл сыйлықтың күтпеген тосынсый болғанын айтады. Бұған дейін басқарманың, облыс әкімінің, Министрдің алғыс хатымен марапатталып жүрген ол осы жолы орта білім саласында ең үлкен марапат – Ы.Алтынсарин медалін иеленермін деп ойлапты. Жырақта жүргендіктен, ата-анам: «не бітіріп жүрсің, елге қайт, сондай мектеп мұнда да тұр» дейді екен. (Бұл әрине нітижелі, табысты жұмыс істеп жүргенін алға тартады). Осы жолы «Алтынсарин» алсам ғой, анашымды қуантсам, деп ойлайды іштей. Бірақ темір тұлпар бұйырыпты. Ол көлікке әуес емес. Әзірге қаңтарулы тұрған темір тұлпарын ата-анасына сыйламақ. «Не болса да еңбегімді ескеріп, ұстазға құрмет көрсеткендері көшелілік. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет, ұрпақтың болашағына бейжай қарамаудың белгісі деп білемін» дейді Арғын ағынан жарылып.
Біз де өз тарапымыздан ұстазға шығармашылық табыстар тілеп, жылы қоштастық.