Еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күні қарсаңында Түркістан қаласында жалпы білім беретін 600 орындық жаңа білім ордасының есігі айқара ашылды. №35 мектептің ашылуында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.
Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан осы төңіректегі оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқып жүрген болатын. Бүгінгі күні бұл мәселе оңынан шешілді. Құрылысы өткен жылы басталып, биыл пайдалануға берілген №35 жалпы орта мектебі оқу кабинеттері мен қажетті құралдарымен толық қамтылған. Мектепте балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Ендігі кезекте, жоғарыда аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауысады деп күтілуде.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 4 мектептің құрылысы жүргізілді. Осыған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жоба аясында салынып жатқан тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуға таяу. Түркістан облысында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 1055 болса, ондағы оқушылар саны 519 мыңнан асты. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.