Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғалы бері тамырынан ажырап қалған көптеген жәдігерлер, әсіресе сыртқа кеткен құнды дүниелер елге оралып, жұртты қуанышқа кенелткені белгілі. Соның бірі – сонау Ресейден тарихи Отанына оралған Ясауи кесенесіндегі тайқазан.
Тайқазанды бабаларымыз қазақтың ырысы, байлығы, қазынасы, құты деп қастерлеген. Кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдардың қосындысынан жасалған.
Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралды.
Негізінен сол жылдың 11-16 қыркүйек аралығында Эрмитажда, ал екі қорытынды мәжілісі Мәскеудегі Қызыл Армия үйінде өткен ІІІ Халықаралық конгрестің күн тәртібіндегі басты тақырыбы «Иран өнері мен археологиясы» еді. Әлемдік ғылыми қызығушылық тудырған осынау киелі мәселені ой елегінен өткізіп зерделеуге Австрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, КСРО, Түркия, Финляндия, Франция, Чехословакия және Швеция сынды барлығы 18 елден 188 ғалым делегаттар және конгрестің 153 мүшесі қатысқан.
Эрмитаждың Шығыс бөлімі бойынша ұйымдастырылған көрме 84 залды толайым толтырып тұрды дейді. Меймандар назарына Эрмитаждың өзінің қисапсыз қазына жәдігерлерімен қатар Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Түрікменстан және Украина музейлерінен әкелінген экспонаттар ұсынылады. Алдын ала белгіленген күн тәртібіне орай 46 ғылыми баяндама жасалады. Осының ішінде КСРО тарапынан 18 баяндама ортаға салынып, онда академик А.Ю. Якубовский өзінің «Темір дәуіріндегі Орта Азия шеберлері» атты баяндамасының тең жарымын Ақсақ Темірдің Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін жасаттырған қола бұйымдарына арнайды.
Айта кетсек, мұндағы қоладан жасалған бұйымдардың саны 11 екен. Яғни, бір қазан, алты шырағдан және есіктерге орнатылған төрт балға. Тайқазан туралы ғылыми тұрғыдағы тұңғыш толғамды сөз осы халықаралық конференцияда айтылған.
Жиынға қатысушылар Тайқазан тарихы мен жәдігердің маңыздылығы жөнінде пікірлерін білдірді. Оның биіктігі 158,3 см, ернеуінің диаметрі 243,4 см. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3000 литр. Қазанның сыртында үш қатар жазудың біріншісінде Құранның «Тәубе» сүресінің он тоғызыншы аятынан және Пайғамбар (с.а.с.) хадисінен оның суға арналғандығын аңғаруға болады. Аятта: «Сендер, зияратшылардың шөлін қандырғанды, мешіттерді жөндеуді Аллаға, ахирет күніне сеніп және Алла жолында соғысқан кісі сияқты көресіңдер ме?» десе, хадисте «Пайғамбар (с.а.с.): Алла жолында құдық қаздырып, мешіт салғандарға ол дүниеде Алла үлкен хауз орнатады» делінген. Сондай-ақ «Әлемдегі шайхтардың сұлтаны Ахмет Ясауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған» деген сөзбен қатар «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл» деп уақытты айшықтаған. Бұл біздің жыл санауымызша, 25 маусым 1399 жыл деген сөз.
Екінші қатардағы «Әлә, Әл-мүлки Лилла» деп «куфи» қолтаңбасымен жиырма рет қайталанып жазылған сөздің аудармасы: «Байқаңдар, Мүлік Алланікі!».
Қазанның 54 жыл бойы қайтарылмай келуін кеңестік өкіметтің қазақ халқына жасаған озбырлығы, қасақана қысастығы деп қарау қисынды емес. Біз ол кезде Кеңес Одағы деп аталатын біртұтас мемлекет, бір ел едік.
1936 жылы Сталиндік репрессияның ызғары басталады. Репрессияның қарқыны басыла бергенде ІІ дүниежүзілік соғыс басталды. Тайқазанды іздемек тұрмақ, Ясауи кесенесіне кірудің өзі мұң болған. Соның кесірінен Қазақстандағы Советтік мектептің жаңа буыны кесенеде Тайқазан болғанын ұмытып қалған. Тарихта мұндай оқиғаның болғанын жадында берік тұтқан санаулы қайраткер қалған. Соның бірі – көне жәдігердің Түркістанға әкелінуіне мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор.
Бір шаңырақтың қазаны күнде кешке қайнап жатса, бұл сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі саналса, онда буы бұрқырап жілік-жілік еттің пісіп жатқаны сол елдегі тоқшылықтың, молшылықтың белгісі саналған. Халық арасында бұл түсінік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Мұндай алып қазандар, заманында билеушілердің, лауазымды әскер басылардың қабіріне қойылатын болған.
Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.
Айдана Сейдуәлі,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы