Қарнақ ауылының әкімдігінде теолог мамандар ауыл тұрғындарымен кездесті. Басты мақсат — дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм, терроризм, және кереғар ағымдардың алдын алу. Іс-шараға Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысып, көпшлікке дәстүрлі діннің жайында түсіндіріп өтті.
«Ислам діні – барша халықты бірлікке, ынтымаққа шақырушы бейбітшілік діні. Себебі Құран Кәрім аяты мен хадис шәріптерге назар аударар болсақ өзге дін өкілі болмақ түгілі өзге мұсылманның қанын төгуді арам санаған және Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өсиетінде: «Дінде зорлық жоқ. Дін насихат» деп мұсылмандарға хақ жолды баяндап кетті. Өкінішке қарай, әлем сахнасында ислам, мұсылман атын жамылған лаңкестік ұйымдар мен топтар ислам дінін қол шоқпарға айналдыру үрдісі көрініс беруде. Себебі кезінде халифа Әли мен Шам жерінің әкімі Муауия арасында болған соғыстан кейін көрініс берген харижиттерге тән радикалды көзқарас күнімізге дейін жалғасын табуда» — деді Б.Өтеген.
Сондай-ақ, теолог маман радикализм жайында кең көлемде түсіндіріп өтті.
«Радикализм — белгілі бір көзқарасты ғана дұрыс деп тану, тек соны ғана жақтау деген мағынаны білдіреді. Мұндай ұстаным қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Яғни тек менікі ғана дұрыс деп өзгені адасты, шатасты деген көзқарасты ұстану. Зерттеушілердің пікірінше, тарихтың ауыспалы кезеңдерінде пайда болатын бұл феномен қоғамның саяси және әлеуметтік саласында жиі көрініс береді» — деді ол..
Радикалды діни ұстанымдағы азаматтар әлі күнге дейін арамызда өмір сүріп жатқанын айтқан Б. Өтеген бірнеше апта бұрын құқық қорғау органдары Астана, Шымкент, Ақтөбе облысында терроризмге насихаттады және қаржылай көмек берді деген бірнеше күдікті азаматты ұстағандығын жеткізді.
«Сондай-ақ Сирияға соғысқа кетпекші болған Түркістан облысының азаматын құрықтады. Мұның себебі біреу-ақ. Дінді шектен тыс зиянды идеялардан таза ұстамау. Дін тек бес парызды орындау емес. Не болмаса өзге елде халифат құру жолында соғысу емес. Дін насихат және өзге адамға тілімен не ісімен зиян тигізбеу. Радикалдық ұстаным тек қазақ елі үшін ғана емес әлем үшін де әрдайым қауіпті. Себебі өзге адамның діни сеніміне күшпен ену арқылы жол табу бейкүнә адамдардың өмірін қиюға алып келуі мүмкін. Ал бұл адамзат алдында кешірілмес қылмыс. Өзге адамдардың діни құлшылығын мансұқтап, тек меніңкі ғана дұрыс жол деген жаңсақ пікірден сақ болып адамгершілік, ар-ожданымызды сақтайық» — деді Б.Өтеген.
Ал, теолог маман Ұ.Құлтай керағар діни ағымдардың қоғамға әсерін әңгімеледі.
«Қазіргі таңда кереғар діни ағымдардың қаупі дінтанушы ғалымдардың ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының, құқық қорғау органдарының да назарында. Кереғар діни ағымдар өздерінің әдебиеттері арқылы адамдарға қарсы агрессия мен зорлық-зомбылықты діни ілімдердің бір бөлігі ретінде қабылдайды. Мұндай әдебиеттер қоғамның барлық салаларында агрессивті мінез-құлықты ынталандырады. Кереғар ағымдардың ең үлкен зардабы теракт жасауы. Қазақстан Республикасы соттың шешімімен тыйым салынған діни ұйымдардың жасаған террорлық әрекеттері туралы ақпарат өте көп» — деді ол.
Сондай-ақ, жат пиғылды ағымдар адам санасын бақылаудағы тәсілдерін түсіндірді.
«Олар: мінез-құлық, ақпарат алу, ойлау кеңістік және сезімдік жүйе. Мінез-құлықты бақылау үшін алдымен оның отбасында қалыптасқан алғаш мінез-құлқын, қайда және кіммен тұратыны, қандай киім үлгісін киетіні, қай түсті ұнататыны, қандай тағамды пайдаланатыны, материалдық жағдайын, араласатын ортасын анықтап алады. Анықталған іс-әрекеттеріне, қалауларына бақылау орнатып, шектеулер қоя бастайды. Мәселен, белгілі бір әрекетіне тосқауыл қою үшін өздерінің ұстаз-ғұламаларының тыйым салған сөздерін, үкімдерін келтіреді. Азаматтың көп уақытын құлшылыққа арнауына әрекет жасайды. Құлшылық жеке және көпшілік түрде орындалады. Азаматты кез келген әрекетінде рұқсат сұрайтын деңгейге жеткізеді. Қалыптасқан сенімге қарсы келмес үшін оған кейде марапаттаулар беріледі, шектен шықпауы үшін жазалап та отырады. Секталар мен ағымдар тарапынан жоғарыда келтірілген тыйымдары мен үкімдерінің нәтижесі азаматтарды тәуелділікте ұстауға әкеп соғады» — деді теолог маман.
Сондай-ақ, жат ағымдардың іс-әрекеттері жайында кең көлемде мәлімет берген мамандар, жастарға жақсы оқу керектігін айтты. Сонымен қатар, діги білімді тек мешіт имамдарынан алу керектігін түсіндірді. Ата-баба аманатын, салт-дәстүрді ұстанып, насихаттау ісіне басымдық беру керек тігін айтты. Ислам діні жақсылылыққа үндейтін дін екендігін ұғындырып, артықшылықтарын айтып өтті.
«Құрметті жастар! Баршаңыз бүгінгі мектеп табалдырығында алып жатқан білімдеріңіз, өмірлік азық болады. Сондықтан әрбір пәнді жақсы оқыңыздар. Әрбіріңіз таңдаған мамандықтарыңыз бойынша жоғары оқу орындарына түсіп, маман атануларыңызға тілестекпін. Тек, көшедегі жат ағым өкілінің үгіттегеніне еріп кетпеңіздер» — деді сала мамандары.
Кездесу соңы сұрақ-жауаппен жалғасты. Теолог мамандар оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға кең көлемде жауап берді. Ұсыныс пікірлерін тыңдап, суретке түсті.