Биыл қоғам қайраткері, Қазақстанның ғылым академиясының дербес құрылуына бастамашы болған Нұртас Оңдасыновқа 120 жыл толып отыр. Осыған орай, қала тарихында мәңгілік өшпес мұра болатын, болашақ жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, ата-тарихын қадірлеп қастерлеуін арттыру мақсатында Нұртас Оңдасыновқа арналған мемориалды тақтайша қойылды. Ол Кентау қаласындағы қоғам қайраткерінің есімімен аталған көшеге орналастырылды. Жиында қала әкімі Жандос Тасов, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Кентау қаласының Құрметті азаматы Исахан Жұмабаев қоғам қайраткері жайында ой толғап, қайраткердің атқарған еңбектерін атап өтті.
Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты. Ұлт қайраткері еліміздің мұнай-газ саласын игеру, Қазақ Ғылым академиясы, Қыздар педагогика институты, Абай атындағы Опера және балет театры, Консерватория сынды нысандардың ашылуына ұйытқы болған.