Түркістан облыс мен Корея Республикасының арасындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту аясында бизнес-форум өтті. «Korea International Trade Association» қауымдастығының қатысуымен өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы және кореялық 50-ден астам кәсіпкер мен іскерлік және дипломатиялық орта өкілдері, оның ішінде KITA басқарма төрағасы мырза Юн Джин Сик, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов және Қазақстан мен Кореяның түрлі экономика салаларының делегациялары қатысты.
Форумның мақсаты – екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, энергетика, инновациялар мен технологиялар сияқты экономика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау және қазақстандық және корей компаниялары арасында жаңа іскерлік байланыстар орнату.
Кездесуде Нұралхан Көшеров екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялар мен бизнестің негізгі аймағы ретінде зор әлеуетін ие екенін атап өтті. Өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолайлы жағдайлар туралы мәлімет беріп, ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы қолданыстағы жобалар туралы кеңінен баяндады.
«Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібі және туризм сияқты салаларда Корея елімен ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Біз инвесторларға ашықпыз және өңір экономикасын дамытуға, екіжақты байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Форум аясында G2B және B2B кездесулері де өтіп, нақты жобалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Шара Түркістан облысы мен Корея Республикасының экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болды. Өзара пайдалы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.