Қазіргі таңда талас пен тартысқа душар болып жүрген ислами ұғымдардың бірі – «жихад» ұғымы. Батыстың ақпараттық құралдары бұл ұғымды қасиетті соғыс, жауыздық, қанішерлік немесе терроризмнің басты себебі деп түсіндіруге тырысып бағады. Ал, өзіміздің арамыздан шыққан кейбір мұсылман бауырларымыз, жихадтың мағынасы өзге дін өкілдеріне және дін дұшпандарына қарсы қару алып күресу дегенді ғана білдіреді деп ұғынып жүр. Осындай көзқарастың салдарынан қаншама қазақтың қаракөзі Ауғанстан немесе шешен жеріне «жихад» жасаймыз деп сапар да шегіп үлгерді. Сол секілді осындай теріс түсініктерінің салдарынан ұл-қыз өсіріп, аруға арқау болатын атпалдай азаматтарымыздың темір тордың ар жағында отырғаны қаншама. Демек, жихад ұғымының шын мәнінде ислам дініндегі мәні мен мағынасы қалай? Батыс қаралағандай жауыздық пен қанішерлік пе? Әлде, кейбір мұсылмандар айтқандай өзге дін өкілдеріне қарсы қару алып шығу ма? Немесе мүлде басқа мағынаны білдіреді ме? Міне осы сұрақтар қазіргі қоғамның саналы азаматтарын мазалайтыны анық. Сондықтан, әрбір азаматтың көкейінде бұл сұрақтардың нақты әрі тура жауабы болмаса, олардың шатаспауына ешкім кепілдік бере алмайды.
Жихад сөзі арабтың «жухд» деген сөзінен шығып отыр. Бұл сөздің мағынасы күш, жігер, қуат және қиындық дегенді білдіреді. «Жухд» сөзінің етістігі – «жахада»‑ға келер болсақ, адам өз алдына қойған мақсатына жету үшін барлық күш‑жігерін жұмсау дегенді білдіреді. Демек, «жихад» – діннің және адам өмірінің барша аспектілерін қамтитын ұғым. Қысқаша айтқанда, адам баласының өз өмірінде бақытына жету үшін күресу. Бір ғана мағынаны емес, бұл өмірдегі күрестің жан‑жақты мағынасын береді. Сол мағыналарының бірі дінді, Отанды, ұлтты және ұрпақты қорғау үшін қолға қару алып, атқа қонуды да білдіреді.
Қазақ қоғамы ғасырлар бойы исламды бойына сіңіріп келе жатқан халық екенін ұмытпау керек. Қазақ халқының салт‑дәстүрі, әдет‑ғұрпы және ұлттық құндылықтарының көпшілігі исламның тәлімімен тікелей байланысып қалыптасқан. Сондықтан, біздің мұндай ерекшелігімізді жоққа шығарып, қазақтың ұлттық құндылықтарын түгелімен мансұқтауға шығаратын топтарға, «есің бар да еліңді тап» деп ескертуге тура келеді. Қазақ қоғамы тарихта ешқашан жетімі мен жесірін далада қалдырмаған. Жетімін қамқорлыққа алып, жесіріне әмеңгерлік жасаған. Себебі бұл да жихадтың бір түрі екенін дана қазақ білген. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) бір хадисінде: «Жесір мен міскін адамның қызметінде болған адам, Алла жолында жихад жасаушымен тең болады» дейді. Әрине жетім‑жесірдің, кедей‑кепшіктің қызметінде болу – оларға көмектесу, қарайласу, мұқтаждығын шешу дегенді білдіреді. Осындай қайырлы істі Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) жихадпен тең деп отыр. Қазіргі біздің қоғамда қаншама жетімдер үйлері, жетім балалар, жесір, жалғыз басты аналар, кедейлер мен мұқтаждар бар. Қазақ қоғамының азаматтары қаншалықты соларға көмектесіп, мұқтаждықтарын шешіп жүр? Біз бүгінде әскери саланы қоя тұрғанда, әлеуметтік саладағы «жихадымызды» орындай алмай жүрген сияқтымыз. Ислам діні қайырлы әрі күна емес істерде басшыға бағынуды қатаң тапсыратын дін. Пайғамбар (с.а.с.) өзінің бір хадисінде: «Сендерге Аллаға тақуалық етуді және басшыларың хабашилік (қара нәсілді) құл болса да оны тыңдап, бойсұнуды әмір етемін….» ‑ дейді. Ислам – тәртіп пен жүйенің діні. Ешқашан қоғамда бассыздық пен тәртіпсіздікке жол бермейді.
Б.Нағызхан,
Кентау қалалық «Руханият орталығы» КММ Теолог маманы