Былтырдан бері дәстүрге айналғандай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ana tili» газетіне кезекті сұхбатын берді. Президентінің осындай форматтағы кездесулері елімізді дамытуға қатысты шаралардың мән-маңызын барлық азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сұхбат барысында елімізде жүйелі экономикалық реформалар, саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы, нәтижелері талқыланды.
Президент сұхбатында саяси ұстанымдары мен мемлекет жетістіктерінен бөлек, қоғамда резонанс тудырған оқиғалар мен әртүрлі пікірлерге қатысты өз ойын білдіріп, нақты ұстанымын айқындады. Соның бірі қоғамдағы бірыңғай уақыт белдеуі туралы «Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін» деді.
Президент назар аударған тағы бір мәселе «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы болды. Мемлекет басышысының тапсырмасын тек көше мен аула сыпырып, тазалау сипатына ұластырып жібергеніміз рас. Әлеуметтік желі ге қоқыс төгіп, сыпырғы ұстап тұрған фото, видеоны жүктеп, сенбілікке шыққанымызды экологиялық тазалыққа жатқызып жүрміз. Бұл туралы Президенттің өзі де : «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады. Бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетпей ме? «Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын» дейді.
Былтырдан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция осы жылда шын мәнінде халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына аудара алды ма?
Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Адамзат баласы қанша уақытқа дейін Жер планетасын мекен етсе, экология тақырыбы соншалықты өзекті бола бермек.Акция аясында бірреттік емес, нақты кешенді, толыққанды сипаты бар қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бізді осы сұрақ ойландыруы тиіс.
Кентау да қазақы өңір болғандықтан және қала аумағында ауылды аймақтар көп орналасқандықтан өңірімізде белсенді, отаншыл азаматтар өте көп. Сондықтан аудан, қалаларда тазалық, көгалдандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Осы салаға жауапты басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Кентау одан сайын көркейе түспек.
Зұлқарнайын КУДАБАЕВ,
Кентау қаласының тұрғыны


