Еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілген «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес көзделген. Осы орайда Кентау қаласында Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады.
Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова мекеме жұмысының маңыздылығына тоқталып, орталық қызметкерлері қиын жағдайға тап болған отбасының барлық мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Орталық басшысы болып Арай Сауранбекова тағайындалды. Мекемеде барлығы 17 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа орталықта психолог және әлеуметтік қызмет көрсету бөлмесі, 25-ке жуық адамға жатын бөлме, қызмет көрсету бөлмелері бар. Бұл қызмет көрсету бөлмелерінің барлығы талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, орталық – отбасы институтын қолдау мақсатында, өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер беріп, 6 бағыт бойынша консультациялық қызметтер көрсететін болады.