Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі – Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, бизнесті дамытуға, сонымен қоса бәсекелестікті күшейтуге бағытталған. Соңғы жылдары Кентау қаласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың саны артып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды ұтымды пайдаланып келеді.
Солардың бірі – көпбалалы ана Латипа Әлиева. Латипа Әлиеваның мамандығы – қаржыгер. Бұрын бірнеше жыл қаржы саласында жұмыс істеген. Оның ашытқысыз нан пісіріп, сатуға ден қойғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамай кәсіпкер қазір ашытқысыз нан пісіріп сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Айта кетейік, кейіпкеріміз былтыр мемлекеттен кәсіп бастаушыларды қолдау мақсатында берілетін «Нан өнімдері» бизнес жобасына қатысып, қайтарымсыз несиеге ие болған тұғын. Мемлекеттен алған қаржыға үлкен газ пеші мен қамыр илеу құралын сатып алып, бүгінде денсаулыққа пайдалы, организмге ешқандай зияны жоқ нанды пісіріп қала тұрғындарына ұсынуда.
— Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарының кәсіп бастауына үлкен көмек. Мәселен, менің наубайханаға құрал-жабдықтар сатып алуыма үлкен септігін тигізді. Қазір қарқынымыз жаман емес. Күніне 200-300 нанға дейін, кейде тапсырыс көбейіп кетсе оданда асырып пісіруге күш саламыз. Ашытқысыз нан қан қысымы мен қант диабеті жоғары адамдарға өте пайдалы. Алдағы уақытта наубайхананың жұмыс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз» , — дейді кәсіпкер ана.
Кәсіпкер ана бүгінгі таңда жергілікті екі тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Олар наннан бөлек, кондитерлік өнімдерді де пісіруді қолға алыпты. Тұрғындар ас атасымен қамтып отырған Латипа апаға дән риза.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандығы жылы деп жариялап «Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген болатын. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алатыны сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз Латипа ана қашанға құрметке лайық жан.



