Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі ашылды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Ведомство басшысы Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.
«Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Негізгі мақсат – олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда», – деді министр.