Кентау қаласының тұрғыны Жазира Аймаханова жұмысшы мамандығын игеріп, бүгінде өзінің осы сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отырған жан. Қазір ол басшылық жасайтын «MN Tex» тігін цехында әскери киімнің 18 түрі тігіледі екен. Яғни, әскери адамдар мұнан бас киімнен бастап жазғы және қысқы киімдердің барлық түрін таба алады. Кейіпкеріміз көктем мезгілінде тапсырыс көлемінің бірнеше есеге ұлғая бастайтынын айтады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа ел экономикасының өсімін қамтамасыз етуде және инвестициялық тартымдылығын арттыруда жасалынатын аса қажет қадам екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар, Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, биыл жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталатынын айтқан-ды.
Әрине, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен кейіпкеріміз Жазирадай адамдар қоғамда қашанда құрметке, сыйға лайық. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына да толықтай сай келеді.
«Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», — деді Мемлекет басшысы.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс екенін ұға алса болғаны. Мәселен, кейіпкеріміз Жазира Аймаханова тігіншілікті 2015 жылы бастаған екен. Алғашқыда үйінің шағын бір бөлмесінде тапсырыс қабылдап, әскери киімнің жағасы мен шұлығын ғана тіккен. Өнімнің сапасына көбірек мән беріп, тапсырыс берушінің көңілінен шығуды басты мақсат еткен Жазираның қолынан шыққан киімдерге сұраныс арта бастайды.
— Бүгінде бұл біздің отбасылық кәсібімізге айналып үлгерді. Жолдасымның көмегімен тігіншілік кәсіпті кеңейтіп отырмыз. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдап, өнім көлемін көбейттік. Қазір шағын цехымызда әскери киімнің барлық түрі табылады десем артық айтқандық болмас. Мен тігінші мамандығын бітіргенмін. Қол астымда жұмыс істейтін қыздар мен келіншектердің барлығына тігіншілікті өзім оқытып, үйреттім, — дейді Жазира Аймаханова.
Бүгінде тігін цехында 30 адам жұмыспен қамтылған. Әрқайсысының өз міндеті бар. Бірі киімнің жағасын, екіншісі жеңін тіксе, келесісі матаны үлгіге қойып, пішеді. Жазира Аймаханованың айтуынша, қазір тапсырыстар бұрынғыдай Түркістан облысынан ғана емес, еліміздің барлық аймағынан келіп түсуде.
— Маталарды Қытай Халық Республикасы мен Ресейден алдыратынбыз. Біз үшін ең бастысы өнімнің сапасы жақсы болуы керек. Сондықтан, бұл мемлекеттердің қатарына Беларусияны қосып отырмын. Тапсырыстардың көбеюіне байланысты алдағы уақытта кәсібімізді ұлғайтып, тігіншілердің де қатарын толықтыра түсуді мақсат етудеміз, — дейді кәсіп иесі.
«Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қарайтын Жазирадай адамдар қашанда құрметке лайық.