Алаяқтардың көпшілігі интернет арқылы табыс табады. Соның ішінде лайк пен комментарий жазып табыс табуға шақыратын алаяқтар да кездеседі. Бұған көбіне студенттер ілігеді. Әлеуметтік желілерде олардың жарнамасы жиі жүреді. Комментарий ішінде, тіпті блогерлер де көп жарнамалап жатады. Енді алаяқтық тәсіліне келсек. Сондай-ақ, жұмыс табуға арналған сервистерге жүгінген кезде байланыс нөміріңізді базаға енгізіп, әлдекімдер сатып алуы мүмкін. Осылайша жұмыс іздеп, ақшадан қысылып жүргендерге онлайн табыс табуды ұсынады. Сондай-ақ, әлгі алаяқтар мессенжердегі басты суретіне банктердің логотипін қойып қоюы мүмкін. Мұның бәрі адамның сеніміне кіру үшін жасалады.Айталық, сіз Head Hunter-ге резюме қалдырғансыз. Жұмыс іздеп жүрген сізге WhatsApp-қа белгісіз контакт хабарласады. Күніне 30 мың теңге табуға болатынын айтады. Ол үшін бар болғаны лайк пен комментарий қалдырып отыру керек-мыс. Келіссеңіз, сізді топқа қосады. Артынша олар профайлдар жіберіп, соған тапсырма бере бастайды. «Мына парақшаға лайк басып, пікір қалдыру керек» деуі мүмкін. Үш профайлға лайк басқан соң шынымен басқаныңызды дәлелдеу үшін скриншот жібересіз. Сол үш лайк үшін әр профайлдан 300 теңгеден төлейді. Бастапқыда шынымен солай төлеп отырады. Кейін топ әкімшісі соманы екі есе көбейтіп, 600 теңгелік тапсырма ұсынады. Ол жерде сіз біреуден тауар алуыңыз керек. Сатып алған соң сол сомаға үстіне комиссия қосып, 30 пайыз көбейтіп қайтарады. Ол кезде де шынымен үстіне қосып беріп отырады. Екі тапсырманы да орындаған соң сізге шынымен ақша салғандықтан, оларға сене бастайсыз. Сөйтіп тапсырма өзгеріп, сомасы ұлғая береді. Біртіндеп 10 мың теңгеге, 50 мың теңгеге өсіреді. Бірақ, бұл кезде шарт сәл өзгеріп «30 мың теңгенің үстіне 30 пайыз қосып алу үшін 50 мың теңгеге тағы тауар алуың керек» дейді.
Көбі үстіне ақша қосып береді деп көлемді қарызға кіріп кетеді. Сома да өсе береді. Кредитке кіріп, ақыры не оны төлей алмай, не әлгі алаяқтардан ақшасын қайтара алмай қалады. Олар үлкен команда болып жұмыс істейді. Бір басында бірнеше аккаунттан болады. Фейк пікірлер, мол табыс тапқандардың өтірік скриншоттары салынады. Бұл алаяқтық түрі туралы кейбір банктер ресми сайтында ұдайы ескертіп, тұтынушыларын алданбауға шақырып отырады.



