Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту мерекесінде кентаулықтар жаппай «Таза Қазақстан» тазалық шарасына қатысып, 4000-нан аса тал отырғызды.
Игі шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат депутаттары, қалалық ардагерлер және ақсақалдар мүшесі, ақжаулықты әжелер, қала жастары, спортшылар қатысты.
Наурызда табиғаттың жаңарып, тіршілік қайта жанданатын мезгілі, тазалық пен еңбек айы екендігін айтқан қала басшысы тал егуге келген көпшілікті мерекемен құттықтады.
Қаланың қазыналы қариялары тал отырғызу ата-бабадан келе жатқан дәстүр екендігін айтып, игілікті шараға ризашылықтарын білдіріп, елдің амандығын тілеп ақбаталарын берді.
Д.Қонаев даңғылының бойында қаланың зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен көгалдандыру шарасында 200 түп катальпа, айлант және 4000 түп қара ағаш көшеті егілді. Жалпы, қалада жыл соңына дейін 9 мың тал көшетін отырғызу жоспарланған.