Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Кеңейтілген жиында құрылысы аяқталған нысандарды теңгерімге алу,өткізу, тіркеу жұмыстары және қала әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілген мәселелердің орындалуы, мәжілістерде берілген тапсырмалардың жүзеге асуы талқыланды.
Қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын тіркеуде кемшіліктер орын алғаны баяндалып, жауапты сала басшыларынан түсіндірме алынды. Сондай-ақ жұмыс барысында жауаптылыққа немқұрайлы қараған мамандарға шара көру бойынша тапсырма берді.
Жыл басынан берілген бірқатар тапсырмалар мен ауыл тұрғындары тарапынан жолданған мәселелердің баяу жүргізілгеніне тоқталып, бірқатар сала басшыларына қатаң ескерту жасады.
Сонымен қатар, Көктемгі санитарлық-экологиялық айлық шеңберінде қала аумағын абаттандыру мен тазарту шараларын әр сенбі сайын ұйымдастыру қажеттігін тапсырды. Әкім жиын барысында қаланы таза ұстау туралы тапсырмаға ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігін айтты.
Кеңейтілген жиын нәтижесінде қала басшысы тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертті.