Қазіргі таңда елімізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселесі ерекше маңызды әрі өзекті тақырыпқа айналды. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан іс-шаралардың бірі ретінде, С. Қожанов атындағы №9 жалпы орта мектепте арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар арасында діни сауаттылықты арттыру, оларды радикалды идеологиялардың ықпалына түсуден қорғау және саналы, ұлттық құндылықтарға адал ұрпақ тәрбиелеу болды.
Кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б. Абдрахман және «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ. Құлтай қатысып, өздерінің кәсіби біліктіліктері мен тәжірибелері арқылы жастарға маңызды ақпараттар ұсынды.
Іс-шара барысында мамандар діннің мәні мен оның адам өміріндегі орны туралы терең түсінік берді. Олар діннің адамгершілік, мейірімділік пен қайырымдылыққа тәрбиелейтін рухани құндылық екенін, оның қоғамдағы бейбітшілік пен татулықтың негізі екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда кең таралып жатқан жалған діни ағымдардың қауіптілігі жайында да жан-жақты ақпарат берілді.
Кездесудің маңызды бөлігі діни экстремизм мен терроризмнің белгілері туралы болды. Мамандар радикалды топтардың қалайша дін атын жамылып, жастарды өз ықпалына алуға тырысатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Оқушыларға осындай қауіпті идеялардан сақтану жолдары мен дұрыс діни түсінік қалыптастыруға арналған кеңестер берілді.
Жастар арасында радикалды идеялардың таралуының алдын алу үшін, діни сауаттылықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қатысушылар өздерінің сұрақтарын қойып, мамандармен ашық диалог орнатты.
Кездесу соңында қатысушылардың бойында рухани тәрбиені күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және саналы ұрпақ қалыптастыру қажеттігі жайында ортақ пікір қалыптасты. Мектеп әкімшілігі мұндай шаралардың тұрақты түрде ұйымдастырылып, жастарды дұрыс бағытта оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берілу керектігін атап өтті.
№9 мектепте өткен бұл кездесу – еліміздегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестегі маңызды қадамдардың бірі. Мұндай іс-шаралар жастардың санасын зиянды идеялардан сақтап, олардың рухани және моральдық дамуында шешуші рөл атқарады. Елдің болашағы – жастардың қолында екенін ұғынған әрбір азаматқа осындай білім беру ісі – ең бірінші міндет.
Сондай-ақ, Ә.Науаи атындағы №17 мектепте ата-аналарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың алдын алу, ата-аналарға бұл мәселелердің маңыздылығы мен қауіптілігін түсіндіру.
Кездесуге облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Абдрахман, Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Теологтар деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың жастар санасына әсер ету тәсілдері мен алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндіріп, ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, отбасы мен мектептің тығыз байланысы арқылы жастардың теріс ағымдарға ілесуінің алдын алуға болатынына назар аударылды.



