Қазіргі қоғамда діннің рөлі мен орны ерекше маңызға ие. Алайда, бүгінгі таңда жаһандық қауіптердің бірі – діни экстремизм мен радикализм мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты Кентау қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта білім беретін мектепте оқушылармен арнайы түсіндіру кездесуі өткізілді.
Кездесудің басты мақсаты – оқушылар арасында діни сауаттылықты арттыру, радикалды идеологиялардың ықпалынан сақтау, сондай-ақ ұлттық рухани құндылықтарға негізделген тәрбиені күшейту.
Іс-шараға арнайы шақырылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б. Абдрахман және «Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ. Құлтай жастарға діннің шынайы мәнін түсіндіруге бағытталған мазмұнды баяндама жасады.
Шара барысында мамандар діннің адам өміріндегі орны, оның қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты сақтау ретіндегі рөлі туралы айтып өтті. Сонымен қатар, деструктивті (бүлдіргіш) діни ағымдардың белгілері, олардың идеологиялық әдістері, және жастарды қалай арбайтыны жөнінде нақты мысалдар келтірілді.
Теологтар оқушыларды күмәнді уағызшылардан, әлеуметтік желілердегі радикалды мазмұндағы топтар мен парақшалардан сақ болуға шақырып, қандай жағдай болмасын тек ресми діни мекемелер мен білікті мамандарға жүгіну қажеттігін баса айтты.
Кездесу барысында қазақ халқының дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтары да кеңінен сөз болды. Білім алушылар өз ойларын ортаға салып, көкейде жүрген сауалдарын мамандарға қойып, нақты әрі тұщымды жауаптар алды.
Мұндай іс-шаралар оқушылардың рухани иммунитетін күшейтуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға және ұлттық тұтастықты сақтау жолында өз орнын тануға мүмкіндік береді.
Діни экстремизм мен терроризм – тек құқықтық немесе қауіпсіздік мәселесі ғана емес, бұл – тұлғаның санасы мен дүниетанымына бағытталған қауіп. Сондықтан да мұндай алдын алу шаралары — мектеп қабырғасынан басталуы тиіс маңызды жұмыс.
Бұл кездесу – жастарды дұрыс бағытқа жетелеуге арналған маңызды басқосу болды.



