Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын жетілдіру – қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Осы бағытта Кентау қаласында мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен білім беру мекемелерінің психологтарына арналған арнайы семинар өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында радикалды идеология мен діни экстремизмнің алдын алу, сондай-ақ мектептегі профилактикалық жұмысты тиімді ұйымдастыру жолдарын нақтылау.
Іс-шараға Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы, дінтанушы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшесі Ж.Жорабек қатысып, дін саласындағы құқықтық нормалар, кәмелетке толмағандар арасында діни радикализмнің алдын алу тәсілдері жөнінде кеңінен түсіндірме берді.
Маман баяндамасында қазіргі таңда жастардың интернет және әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеологияға ұрынып қалу қаупі, сондай-ақ діни сауатсыздықтың салдары жайлы нақты мысалдармен бөлісті. Сонымен қатар мектеп қабырғасындағы алдын алу жұмыстарының әдістері, білім беру мекемелерінде ата-аналармен және оқушылармен жұмыс жүргізудің маңыздылығы да кеңінен сөз болды.
Семинар барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Тәрбие ісіне жауапты педагогтар мен психолог мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Семинар соңында қатысушыларға ақпараттық-әдістемелік материалдар таратылып, арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл семинар – жас ұрпақты теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғауға бағытталған білім саласындағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.



