Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында Түркістан облысындағы инфрақұрылымдық жобалар барысы мен келешек жоспарлар кеңінен талқыланған болатын. Осы жиында өңір басшысы тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен және заманауи инфрақұрылыммен қамту – басты міндет екенін атап өткен болатын.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін таза ауыз сумен және коммуналдық қызметтермен толық қамтамасыз ету – жаңа экономикалық бағыттың негізгі басымдығы. Бізде бұл міндетті орындауға толық мүмкіндік бар. Арнайы жоспар түзіп, жұмысты жүйелі жүргізуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің баяндауынша, 2024 жылы 160-тан астам жаңа нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде 47 газдандыру нысаны қолға алынып отыр. Бұл нысандардың 25-і биыл пайдалануға берілсе, қалған 22-сі 2025 жылға өтпелі жобалар санатына енген.
Облыстың ірі аудандарының бірі – Сайрам ауданы да бұл бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асырып келеді. Аудан – Түркістан өңіріндегі экономикалық әлеуеті жоғары, халқы тығыз орналасқан аумақтардың бірі. Бүгінде Сайрамда 241 мыңнан астам адам тұрады, бұл облыс халқының 11 пайызын құрайды.
Аудан 114 761 гектар аумақты алып жатыр. Құрамында 11 ауылдық округ пен 42 елді мекен бар. Соңғы жылдары аудан экономикасының даму қарқыны жоғары, ал инфрақұрылымдық жобалар нақты нәтиже беріп отыр. Айталық, 2023 жылы Сайрам ауданына қарасты Ақсуабад, Оймауыт, Ақарыс елді мекендеріне газ жүйесі тартылып, табиғи газбен қамту көрсеткіші 92,8 пайызға жеткен болатын. Ал, 2024 жылы Құтарыс, Қызылжар және Көлкент елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда. Жыл қорытындысында аудан елді мекендерінің барлығы дерлік табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Келесі жылы аудан орталығының бірі Қарабұлақ ауылында табиғи газ жүйелерінің құрылысы екінші кезең бойынша басталады. Бұл жұмыстарға бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, тиісті жобалық құжаттар дайындалуда.
Бүгінде Сайрам ауданында инфрақұрылымдық жаңғырту жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл – Президент тапсырмаларын орындаудағы жауапты қадамдардың бірі. Әрбір нысан – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы жылдары облыстың барлық елді мекендерін толық табиғи газбен, таза ауыз сумен және сапалы инфрақұрылыммен қамту нақты іске асатын болады.



