Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активінің қатысуымен мәжіліс өткізді. Жиын барысында өңір басшысы ауданның даму бағыттары, экономиканы әртараптандыру және басқа да маңызды мәселелерді талқылады.
– Созақ ауданының экономикасы негізінен уран өндірісіне тәуелді. Сондықтан бізге экономиканы әртараптандыру жоспарын әзірлеу маңызды. Аграрлық салаға инвестиция тарту жұмысын күшейту керек, – деді облыс әкімі. – Ауылдық округ әкімдері жауапсыздыққа жол бермеуі тиіс. Қала мен аудан әкімдері бірлесе отырып, 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын жобалар үшін нақты мерзімдер көрсетілген жол картасын әзірлеуі қажет.
Нұралхан Көшеров бұл тапсырмаларды орындамаған әкімдердің тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, ауданның экономикалық даму әлеуетін толық пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков өз есебінде аудандағы экономикалық көрсеткіштерді жариялады. Биылғы бес айда жергілікті бюджет кірістеріне 15 млрд. теңгеден астам қаржы түсіп, жоспар 3 млрд. 404 млн. теңгеге артығымен орындалған. Аудан экономикасына 81 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 156,4 пайызға артқан. Бұған қоса, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірнеше коммуналдық кәсіпорындарға жаңа техника сатып алынған.
Аудан орталығының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 144 көшеге жауапты мекемелер бекітіліп, 27 500 ағаш көшеті отырғызылған. Бұл жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Мәжіліс барысында облыс әкімі мен басқарма басшылары ауданды дамыту бойынша олқылықтарды атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді. Әлеуметтік саланы дамыту, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Жұмыс сапары кезінде Нұралхан Көшеров «Созақ орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау» мемлекеттік мекемесінің сексеуіл алқабында болып, көгалдандыру жұмыстарымен танысты. 2021 жылдан бастап 24700 гектар аумаққа 29 млн. 400 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған. Бұл жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ табиғатты қорғау ісіне айтарлықтай үлес қосуға бағытталған.
Созақ ауданындағы экологиялық, әлеуметтік және экономикалық жобалар өз жемісін беріп, аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.



