Түркістан қаласының әкімдігінде қала тұрғындарын сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте энергетика саласындағы түйткілдер мен оларды шешу жолдары кеңінен талқыланды.
Жиынға әкімнің орынбасарлары, сала мамандары, тиісті құрылымдық бөлімдердің және «Оңтүстік Жарық-Транзит» ЖШС-нің Түркістан қалалық электр желілері бөлімінің басшысы Әділбек Мүтәліұлы қатысты. Сала өкілі қаланың бүгінгі электрмен жабдықтау жүйесінің ахуалын баяндады. Тозу деңгейі – 57,3 пайыз. Әрине, бұл – ескерусіз қалдыра алмайтын мәселе. Түркістанда қазіргі уақытта 13 қосалқы станция, 1408 шақырымнан астам электр желісі және 1669 трансформаторлық қондырғы жұмыс істеп тұр.
Қаланың тұтынушы саны – 55 157. Оның 52 489-ы – жеке тұлға, 2 668-і – заңды тұлға. Энергетика жүйесінің техникалық жағдайы «қанағаттанарлық» деп бағаланғанымен, жыл басынан бері 13 572 өтініш түсіп, жүйелі кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр.
Қала басшысы бұл мәселе тек техникалық себептермен шектелмейтінін, кей жағдайда ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігінен де туындап жатқанын атап өтті. «Қала тұрғындарынан жиі түсетін сұрақтардың бірі — сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі. Кей кездері қалада жарықтың сөніп қалуы, трансформаторлардың істен шығуы, желілердің тозуы сияқты мәселелер орын алады. Бұл жағдай тұрғындардың тіршілігіне айтарлықтай әсер етіп отырғанын түсінеміз», — деді әкім Әзімбек Пазылбекұлы.
Мәжілісте қала әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтар болсақ, тозығы жеткен электр желілерін толық түгендеу, жиі жарық сөніп тұратын аумақтардың техникалық жағдайына талдау жүргізу, ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп беретін техникалық шешімдер әзірлеу, апаттық бригадалардың дайындығын арттыру және жүктемені біркелкі бөлу мақсатында толық сараптама жасап, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу.
«Біз Түркістанды дамытамыз десек, ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуымыз керек. Электр жарығы – әр үйдің, әр кәсіпкердің, әр мекеменің қалыпты жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Түркістан – еліміздің рухани астанасы. Бұл қалада өмір сүріп жатқан әрбір тұрғын өзін жайлы, қауіпсіз, сенімді сезінуі тиіс», — деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Түркістан қаласы соңғы жылдары тек сәулеттік жағынан емес, инженерлік инфрақұрылымы жағынан да дамып келеді. Жаңадан салынған нысандар, көлік инфрақұрылымы, саябақтар, спорт және мәдени кешендермен қатар, коммуналдық қызмет сапасын арттыруға баса мән берілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықты инженерлік инфрақұрылыммен сапалы қамтамасыз ету – әлеуметтік әділеттіліктің кепілі екенін айтқан еді. Бұл бағытта Түркістан қаласы нақты істермен алға ілгерілеп келеді.
Жалпы энергетика – кез келген қаланың тіршілігінің күретамыры. Электр жарығының тұрақты берілуі – тек тұрмыстық жайлылықтың ғана емес, бизнес, өндіріс, медицина, білім беру секторының да тұрақты жұмыс істеуінің басты шарты. Түркістан қаласының әкімдігі бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, реформалық шараларды бастап отыр.



