Мойынқұм ауылында орналасқан «Фурманов» айналма каналының механикалық тазалау жұмыстары жақын арада басталады. Бұл жұмыстар аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы мен экологияны дамытуға ерекше ықпал ететін маңызды жобалардың бірі болып табылады. «Фурманов» айналма каналы Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының жерлерінен өтеді. Канал ұзындығы 120 шақырымды құрайды және ол Шу өзенінен ауданға су жеткізуді қамтамасыз етеді. Каналдың су өткізу қабілетін арттыру – аграрлық сектордың дамуына және экологиялық жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етеді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық тұрақтылықты сақтау Мемлекет басшысының халыққа жасаған жыл сайынғы Жолдауларында да баса айтылатын маңызды бағыттардың бірі.
Механикалық тазалау жұмыстарына қатысты өткен жұмыс кеңесінде аудан әкімі, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы, «Қазсушар» Жамбыл филиалының директоры және су шаруашылығы саласының мамандары, сонымен қатар Созақ пен Шу ауылдық округтерінің әкімдері қатысты. Жиында каналдың қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланып, алдағы кезеңдегі жұмыстардың жоспары бекітілді. Тазалау жұмыстары алдағы аптада басталады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жалпы саны 7 арнайы техника – «Тұран су» мекемесінен 2 экскаватор, «Қазсушар» РМК Түркістан облысы филиалынан 2 погрузчик пен 1 бульдозер, «Тараз су шаруашылығы» мекемесінен 1 шынжыр табанды экскаватор және 1 погрузчик жұмылдырылмақ.
Мұндай ауқымды техникалық қамтамасыз ету жұмыстың сапалы әрі жылдам орындалуын қамтамасыз етеді.Тазалау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде каналдың су өткізу мүмкіндігі артатыны анық. Бұл ауыл шаруашылығы үшін маңызды, себебі суармалы жерлердің көлемі ұлғаяды, ал бұл өз кезегінде егіс алқаптарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану арқылы экологиялық тұрақтылық қамтамасыз етіледі, яғни өңірдің экологиясы жақсарады, ауыл шаруашылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасы артады.
Аудан әкімі каналдың тазалау жұмыстарына ерекше назар аударып, бұл істі өзінің тікелей бақылауында ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы жұмыстарды жан-жақты ұйымдастыру үшін Шу өзенінің бойын аралап, туындаған мәселелер мен кедергілер мұқият зерделенді. Бұл дер кезінде қажетті шаралар қабылдауға, әрі жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын дамытудағы мемлекеттік саясаттары мен бағдарламалары аясында суармалы жерлерді тиімді пайдалану – аграрлық саланың дамуын және өңірдің экономикалық өсуін қамтамасыз етудің маңызды негізі болып отыр. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары мен Үкіметтің шешімдері осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті сақтау және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша серпін беруде. «Фурманов» айналма каналының тазалануы да осындай маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Жалпы алғанда, каналды тазалау жұмыстарының нәтижесінде суармалы жерлердің ауқымы кеңейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артады. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, тұрғындардың табысын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге, судың сапасы мен көлемінің жақсаруы экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жергілікті халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту және экологияны қорғау — Мемлекет басшысының баса назар аударып отырған стратегиялық бағыттары. Осы орайда, «Фурманов» айналма каналын механикалық тазалау жұмыстары осы міндеттерді орындауда маңызды рөл атқарады және өңірдің дамуына серпін береді.



