Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта өңірдегі аудан, қалаларда қоршаған ортаны қорғауға және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Өткен аптада облыс көлемінде 215 арнайы тазалық акциясы ұйымдастырылып, оған 5700-ден астам адам қатысты. Нәтижесінде 182 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар Шардара жағажайы аумағында санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай ретке келтіру жұмыстары атқарылды.
Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстардың барысы туралы баяндама жасап, демалыс аймақтарындағы рейдтік және тазалық шараларының нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Шардарадағы жағажай аумағында заң бұзушылықтар бойынша 196 құқықбұзушылық анықталып, полиция департаменті тарапынан 6 кәсіпкерге айыппұл салынды. Қазіргі таңда су қоймасы маңындағы заңсыз нысандар бойынша құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 6 демалыс орнына санитарлық тексеру жүргізіп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 36 хаттама толтырылып, қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында 16 құтқарушы бекітілді. Арнайы белгілер орнатылып, 15 автокөлік айыптұраққа қойылды. Мониторинг нәтижесінде жағажай аумағында 409 сәкі анықталды. Оның 282-сі – жеке кәсіпкерлерге, ал 111-і – жеке тұлғаларға тиесілі. Бұрын киім ауыстыратын орындар мен әжетханалар болмағанымен, бүгінде бұл кемшіліктер жойылып, жағажай инфрақұрылымы ретке келтірілді.
Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, жауапты мекемелерге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен өңірдегі санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.



