Келес ауданында коммуналдық қызмет сапасын арттыру және санитарлық талаптарды жүйелі қамтамасыз ету мақсатында арнайы техникалар паркі толықты. Бұл бастама Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары мен «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Аудан аумағындағы санитарлық тазалық пен инженерлік инфрақұрылымға жауапты «Келес Қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне 30-дан астам жаңа техника тапсырылды. Атап айтқанда, олардың қатарында 9 трактор, 9 тіркеме, 3 жүк тиегіш техника және 11 үш дөңгелекті мотокөлік бар.
Жаңа техникаларды мекемеге аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев салтанатты түрде табыстады. Шара барысында ол:
– Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірінші кезекте коммуналдық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуеті күшейтілуі қажет. Бүгін табысталып отырған техника – тұрғындар тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты қолдау. Бұл көліктер аудан аумағын таза ұстауға, көше-жол желісін күтіп ұстауға, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге жұмылдырылады, – деді.
Аталған техникалар тұрғындар көп шоғырланған елді мекендерде санитарлық тазалық пен абаттандыру шараларын сапалы және уақытылы орындауға мүмкіндік береді. Әсіресе көктемгі-күзгі маусымда қарқынды жұмыс жүргізу үшін үлкен көмек болмақ. Сонымен қатар, қысқы уақытта жол тазалау, шұғыл жағдайларда әрекет ету, елді мекендердегі қалдықтарды уақытылы шығару бағытында жаңа техникалар таптырмас көмекші құрал болмақ.
Коммуналдық инфрақұрылым – тұрғындардың күнделікті өмірімен тығыз байланысты сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында инфрақұрылым сапасын көтеру, жергілікті атқарушы органдар қызметін оңтайландыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату сынды мәселелерге үнемі баса назар аударып келеді. Осы орайда Келес ауданында қолға алынған бұл игі шаралар Президент тапсырмаларын жергілікті деңгейде іске асыру жолындағы нақты қадамдардың бірі болып табылады.
Сондай-ақ, бұл бастама «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы өңірлік бастамалармен де өзара үйлесім тапқан. Қазіргі таңда Келес ауданында сенбілік жұмыстар, абаттандыру және көгалдандыру іс-шаралары жиі ұйымдастырылып келеді. Жаңа техникалар осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Аудан тұрғындары да жаңа техникалардың коммуналдық салаға серпін беретінін атап өтуде. Олар мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көру – ел сенімін арттыратынын айтуда.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта да коммуналдық мекемелердің техникалық жабдықталуын кезең-кезеңімен жаңарту жоспары бар. Бұл – ұзақ мерзімді жоспарланған жұмыстардың бір бөлігі.
Жалпы, Келес ауданындағы коммуналдық қызмет саласында болып жатқан жаңғырулар – тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, бұл – халықтың өмір сүру ортасын жақсартуға бағытталған нақты саясат.
«Таза Қазақстан» қағидаты – тек тазалық сақтау емес, бұл – жаңа мәдениетті қалыптастыру, қоғам мен билік арасындағы жауапкершілікті арттыру жолы.



