Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының «Эко акция» кезеңі аясында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Төлеби ауданының Қасқасу, Ақмешіт, Біркөлік және Тұрбаз демалыс аймақтарында өткен сенбілікке 800-ден астам тұрғын – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар және еріктілер қатысты. Акцияны аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Әуезханұлы бастап шықты.
Қатысушылар демалыс орындарына апаратын жол бойын, арық-атыздарды және табиғат аясындағы аумақтарды қоқыстан тазартты. Тазалықпен қатар, экологиялық мәдениетті насихаттау жұмыстары да ұйымдастырылды. Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындармен және демалушылармен кездесіп, табиғатқа шыққаннан кейін қоқысты өзімен бірге алып кетіп, арнайы орындарға тастау – мәдениеттіліктің және қоршаған ортаға құрметтің белгісі екенін түсіндірді.
Профилактикалық іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Айтпаев, Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ. Қуашбаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е. Усербаев және Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қ. Рахишев қатысты.
Демалушыларға экологиялық мәдениетті сақтау, қоқысты тастамау және табиғатты аялау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 400 қап тегін таратылды. Сонымен қатар, демалыс аймақтарында қоқыс жәшіктерін қоюға арналған орындар белгіленді. Акция барысында дауысзорайтқыш арқылы ескертулер жасалып, ескертуге бағынбаған азаматтарға әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді.
Жеті арнайы техниканың көмегімен жиналған қоқыс полигондарға шығарылды, жол жиектері мен арық жүйелері арамшөптен тазартылды. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды бұзғандарға ескерту беріліп, айыппұл салу шаралары жүргізілді. Қасқасу демалыс аймағына баратын жол бойына шлагбаум орнатылып, көліктердің бақылаусыз кіруіне шектеу қойылды. Бұл – табиғи аумақтың экологиялық тәртібін сақтауға бағытталған нақты қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экологиялық мәдениетті арттыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ұдайы атап өтеді. Президенттің «Экология – елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды сала» деген сөзі осындай іс-шаралардың мәнін айқындай түседі.
Төлеби ауданында өткен сенбілік – табиғатқа жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі. Мұндай бастамалар облыс көлемінде жыл бойы жалғасып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізбек.



