Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында туризмді ұлттық экономиканың маңызды саласы ретінде дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. «Қазақстанның табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасы – бізге берілген зор мүмкіндік. Туризмді өркендету арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, елдің халықаралық имиджін арттырамыз», – деген Мемлекет басшысының сөздері бүгінде Түркістан облысында нақты іске асырылып келеді.
Облыста қазіргі қонақ үйлердің саны 245-ке, демалыс орындарының саны 298-ге және емдік-сауықтыру кешендерінің саны 117-ге жетті. 2025 жылдың I тоқсаны бойынша қонақ үйлерге жайғасқан туристер саны 61,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,5%-ға өскен. Бұл туралы өткен брифингте облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді.
«Өңірде жыл басынан бері туризм саласындағы қызмет көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,3%-ға өсті. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 6 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға келген келушілер саны 80,2 мың адамға жетті. Ал тарихи орындарға келген келушілер саны 520,7 мың адамды құрады. Биылғы жылы туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 33 млрд теңгеге жетті. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы пайдалануға берілмек. Өңірімізде шетелдік туристердің саны да өткен жылдың тиісті кезеңдерімен салыстырғанда 2 есеге артты. «E-qonaq» жүйесіне сәйкес, қаңтар-маусым айларында өңірге келген шетелдіктердің саны 24 мыңға жуықтады. Қытай, Жапония, Италия, Германия елдерінен келген туристердің үлесі көбейіп отыр. Халықаралық БАҚ-та Түркістан туралы кеңінен ақпараттар таратылып, өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып келеді», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, шаһарда жыл соңына дейін ескек есу каналы іске қосылады. Қолөнершілер қалашығы да биыл аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Күлтөбе қалашығы» жобасы да жақында іске қосылмақ.
2025 жылы жалпы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Туристік инфрақұрылым саласында да 11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба іске асырылмақ.
Жыл соңына қарай Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деп күтілуде. Жалпы саладағы инвестиция көлемін 55,8 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, туризм тек экономикалық табыс көзі ғана емес, ұлт мәдениетін, тарихын және дәстүрін әлемге танытатын қуатты құрал. Сондықтан Түркістан өңірінде қолға алынған жобалар ел Президентінің тапсырмаларына толық сәйкес келеді әрі Қазақстанның жаңа даму бағытына серпін бермек.



