Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында экологиялық мәдениетті көтеру, елді мекендерді абаттандыру, тұрмыс қалдықтарын тиімді басқару мәселелерін жүйелі түрде көтеріп келеді. Президент: «Біз өз елімізді таза, жайлы және жасыл ортаға айналдыруға баршамыз бірдей жауаптымыз. Бұл – әрбір азаматтың ұрпақ алдындағы борышы» деп атап өткен еді. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынған.
Түркістан облысында аталған бағдарламаның орындалу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. Тек өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 176 рет тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, оған 61 089 тұрғын қатысты. Соның нәтижесінде 182 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше назар аударылуда. Осы бағытта облыста «Jas Turkistan» волонтерлік қауымдастығы құрылып, оған аймақтағы түрлі ерікті ұйымдар мен бастамашыл топтар біріктірілді. Бүгінде қауымдастық еріктілері 6 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Оның ішінде сенбіліктер, экологиялық семинар-тренингтер, плогинг акциялары, спорттық жарыстар мен эко-челлендждер бар. Қазіргі күнге дейін облыс көлемінде 253 сенбілік, 17 семинар-тренинг, 29 эко-плогинг өткізілді. Сонымен қатар, 1 мыңнан астам экологиялық үнпарақтар таратылып, 23 спорттық жарыс, 9 экологиялық челлендж және 7 эко-марафон ұйымдастырылды. Осы шаралардың нәтижесінде 158 мыңнан астам жас жасыл орта қалыптастыруға бағытталған игі істерге тартылды.
Сонымен бірге тұрғындар мен тазалыққа жауапты мекемелер арасында тікелей байланыс орнату үшін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда аталған жүйеге 2 946 өтінім түсіп, соның 2 938-і толық орындалған. Ал қалған 8 өтінім қазір қаралу үстінде. Бұл бастама халықтың шағымын жедел шешуге мүмкіндік беріп, тұрғындардың өз ортасына деген жауапкершілігін арттыруда.
Аймақта санитарлық талаптарды сақтау да қатаң бақылауға алынған. Тәртіп бұзған тұлғаларға жыл басынан бері 20 169 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 455 млн теңгеге айыппұл салынды. Оның 247 млн теңгесі өндірілді. Бұл да тұрғындарды тәртіпке шақырудың бір тетігі болып отыр.
Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның барлық мүшесінің ортақ ісіне айналып келеді. Әсіресе жастардың белсенділігі мен жаңа цифрлық мүмкіндіктердің іске қосылуы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тың серпін беруде.



