Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықты сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі ретінде атап көрсеткен болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жобалар іске асырылып, ауыл-аймақтар біртіндеп көгілдір отынға қосылуда. Бұл жұмыстардың бір көрінісі – Сауран ауданында атқарылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Қосмезгіл елдімекендерінде жүргізіліп жатқан газ құбырының құрылысымен танысты. Шорнақ ауылында ұзындығы 43,7 шақырым болатын газ құбыры тартылып, 634 газ реттеу пункті орнатылады. Жоба толық аяқталғанда 975 үй газ жүйесіне қосылып, шамамен 4 850 тұрғын көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізеді.
Қосмезгіл елдімекенінде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда ұзындығы 59,7 шақырымдық газ құбыры салынып, 950 газ реттеу пункті орнатылады. Жоба іске қосылған соң 1 470 үй табиғи газға қосылып, 7 350 тұрғын игілігін көреді. Осылайша екі елдімекеннің 12 мыңнан астам тұрғыны сапалы тұрмыстық жағдайға қол жеткізеді.
Кездесу барысында аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Әкім жобаның әрбір кезеңі ашық түсіндіріліп, халықпен тұрақты байланыс орнатылуы қажет екенін атап өтті.
Жобалардың толық іске асуы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартумен қатар, экологиялық жағдайға да оң әсерін тигізеді. Бұрынғыдай көмір жағу, күл шығару сияқты бейнеттен құтылған халық уақыт пен қаражатты үнемдеп, өмір сапасын арттыра алады. Сонымен бірге табиғи газға көшу қоршаған ортаның тазалығын сақтауға да ықпал етеді.
Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы жүйелі қадамдардың бірі. Көптен күткен көгілдір отынға қосылу ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.



