Қазақ үшін той – қуаныш қана емес, ол ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрінің айнасы, ұрпаққа берілетін рухани сабақ. Әрбір той елдің берекесін арттырып, бірлігін бекемдеуі тиіс. Дегенмен соңғы жылдары ұлттық мерекелердің мазмұны өзгеріп, салттан гөрі сән-салтанат пен даңғазаға басымдық беріліп бара жатқаны жасырын емес. «Тойхана көп, тағылым аз» деген ойдың айтылуы да сондықтан.
Белгілі асаба, өңіріміздің мәдениет қайраткерлерінің бірі Берік Әлібаев осыған алаңдаулы. Оның айтуынша, қазіргі тойларда тәрбиелік мазмұннан гөрі сыртқы көрініс – шоу, ән мен би, түрлі ойындар басым. Тіпті кейде ұлттық жоралғылардың мәні ескерілмей, жастарға өнеге болар дәстүрдің орыны мүлде ұмытылып жатады.
Асабаның тәжірибесінен мысал келтірсек, бүгінгі бесік тойларда көпшілік қарапайым дәстүрді білмей жататыны жасырын емес. «Ұл баланың бесігі сатылмайды, қыз баланың бесігі сатылады» деген көне ұғымды алғаш рет естіп, таңырқайтындар аз емес. Мұндайда тойдың тізгінін ұстаған асабаның өзі жоралғының мән-мағынасын түсіндіріп беруге мәжбүр. Бұл – халқымыздың асыл дәстүрін терең білмеуінің бір көрінісі.
Шындығында, әрбір жоралғының астарында үлкен мән жатыр. Бесік той, сүндет той, қыз ұзату, үйлену той – бәрі ұрпақ тәрбиесінің бір бөлшегі. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бұл дәстүрлер көбіне тек рәсім үшін атқарылып, мазмұнсыз қалып барады.
«Тойдың бір шырайы – ақсақалдың сөзі» дейді қазақ. Бұрынғы тойларда бата мен өсиетке толы өнегелі әңгімелер айтылатын. Ақсақалдар төрден сөз бастап, жастарға бағыт беретін. Қазір мұндай көріністер сирек. Асабаның айтуынша, кейде дастархан басында отырған қариялардың өзі ішімдіктің жетегінде кетіп, өнегелі сөз айтуға жарамай қалады.
Бата беру дәстүрі – жай ғана тілек айту емес, ол ұлттың тәрбие құралы, өмірлік бағдары, рухани темірқазығы. Батаның мазмұнында елге, ерге, ұрпаққа айтылатын ақыл, алғыс, қарғыс, тыйым, риясыз ниет тоғысады. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп халқымыз тегін айтпаған. Батагөй қарияның бір ауыз сөзі бүкіл ауылдың бағытын айқындап отырған.
Өкінішке қарай, бүгінде «Бата беріңіз» десек, көпшілігі «не дейміз?» деп бастайды. Бұл – рухани құндылықтың әлсірегенінің белгісі. Ұрпақтың жадында баталы сөз қалмай, тек жеңіл-желпі тілек қана жатталып барады.
Әке мен баланың, ана мен қыздың арасындағы әңгіме – ұлттық кодтың алтын арқауы болған. Ал қазір бір үйде отырып, әркім өз смартфонына үңіліп, бөтен әлемнің жетегінде жүргендей әсер қалдырады. Егер ер азамат жұма намаздан қайтқан соң естіген уағызын шаңырағына айтып отырса, ол – рухани тәрбиенің бір баспалдағы болар еді.
Діни тұрақтылық та, отбасылық құндылықтар да тойдан басталады. Өйткені той – көптің басы қосылатын орта. Сол ортада айтылған ғибратты сөз, есті өсиет – ұрпақ санасына сіңетін құнды тәрбие.
Тойдың көркін ашатын, мазмұнын айқындайтын басты тұлғалардың бірі – асаба. Ол тек көңіл көтеруші ғана емес, халықтың алдында жүрген, көптің ойын жүйелейтін адам. Асабаның бір сөзі – елдің рухани тінін бекітетін күш. Бірақ қазір асаба тойдың мазмұнына емес, шоуының көлеміне қарап бағаланады. Бұл да ойландыратын жағдай.
Берік Әлібаевтың пікірінше, асаба да, ақсақал да, тойды ұйымдастырушы азамат та бір мақсатты ұстануы қажет: тойды тәрбиелік арнаға бұру.
Той – ұлттың айнасы. Бүгінгі тойлар сол айнадағы сызықтай: көркем сөз бен ғибратты істен гөрі, жасанды шоу басым. Ұлт болып жаңғыру үшін ең алдымен осы той мәдениетін түзеген жөн.



