Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалы ұйымдастыруымен «Медиация татулық пен тұрақтылықты көздейді» тақырыбында Кентау қалалық отбасын қолдау орталығында жеке қабылдау өткізілді. Бұл шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы тату, тұрақты қатынастарды нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасылық дауларды бейбіт жолмен шешу арқылы қоғамдағы достық пен бірлікті сақтау.
Қабылдауға Кентау қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор С.Самиева және Кентау ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімнің сот орындаушысы А.Сейтов қатысты. Тұрғындар медиация және қолданыстағы заңдар аясында кеңес алып, өздерінің арыз-өтініштері бойынша толық ақпарат алды.
Шараның маңызды аспектісі – азаматтарға заңгерлік, адвокаттық және медиаторлық қызметтерді тегін көрсету, құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға медиацияның қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіру. Медиаторлар тұрғындарға өз құқықтарын қалай қорғауға, жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге, отбасылық және қоғамдық қатынастарда татулық пен тұрақтылықты сақтауға кеңес берді.
Кәсіби медиатор С.Самиева медиация қызметі туралы кең көлемді мәлімет берді.
Ал сот орындаушы А.Сейтов өз кезегінде тұрғындарға қолданыстағы заңдар мен сот процедуралары туралы түсіндірме берді.
Көрсетілген шара арқылы тұрғындар өздерінің құқықтары мен міндеттерін нақты түсініп, даулы жағдайларды заңдық және бейбіт жолмен шешудің жолдарын үйренді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен медиацияның қоғамдағы маңызы, оның этносаралық және отбасылық тұрақтылыққа қосатын үлесі бар екені де ерекше атап өтілді.
Жалпы «Медиация татулық пен тұрақтылықты көздейді» жобасы — қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған маңызды шара болып отыр.



