Қазақстан Республикасының Конституциясы – тәуелсіз еліміздің мемлекет болып қалыптасу тарихындағы ең ұлы белес, халықтық бірліктің айқын символы. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған бұл құжат жас мемлекетіміздің даму бағытын айқындап, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруға негіз қалады.
Осы жылы Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – тек мерейтойлық дата ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және мемлекетіміздің іргетасын бекіткен тарихи сәтті ұлықтау кезеңі.
Егемендіктің алғашқы жылдары ел алдында орасан зор міндеттер тұрды. Жаңадан құрылған мемлекеттің шекарасын бекітіп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономика мен әлеуметтік саланы дамытумен қатар, мемлекет пен қоғамның құқықтық негізін қалыптастыру міндеті туындады. Осы тұста Конституция қабылдау – уақыт талабы болды.
1995 жылғы Конституция ел болашағын айқындайтын тарихи таңдау еді. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде бекітіп, биліктің үш тармағының қызметін айқындады. Жаңа Конституция арқылы Қазақстан демократиялық даму жолын таңдағанын бүкіл әлемге паш етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында Конституцияның қоғам өміріндегі ерекше рөлін әрдайым атап өтеді. Президенттің айтуынша, Ата Заң – еліміздің құқықтық жүйесінің өзегі, ал ондағы нормалар – әділдік пен теңдіктің кепілі.
«Конституция – мемлекетіміздің берік іргетасы. Әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары онда айқын көрсетілген. Біз заң үстемдігін қамтамасыз еткенде ғана өркениетті ел бола аламыз», – деген еді Президент.
Шын мәнінде, Конституция мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да өзінің бастауын осыдан алады. Яғни, билік пен қоғам арасындағы өзара сенім Конституцияда айқындалған қағидаттар арқылы қалыптасуда.
Конституцияда әрбір қазақстандықтың негізгі құқықтары мен бос-тандықтары, әлеуметтік кепілдіктері нақты жазылған. Теңдік құқығы – азаматтар нәсіліне, ұлтына, жынысына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан тең құқылы. Сөз бостандығы мен ой еркіндігі – қоғамның демократиялық дамуына жол ашты. Білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру құқығы – азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған. Жеке меншікке қол сұқпаушылық, саяси еркіндік, еңбек ету құқығы – нарықтық экономикаға өтудің маңызды кепілдіктері болды. Осының барлығы – Конституцияның халық үшін қызмет ететінін айқын дәлелдейді.
Тәуелсіздік жылдарында Конституция бірнеше рет толықтырылып, уақыт талабына сай өзгерістер енгізілді. Әсіресе 2022 жылғы референдум – ел тарихындағы маңызды бетбұрыс болды. Бұл реформалар арқылы Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі артты. Сондай-ақ, Конституциялық сот қайта құрылып, азаматтардың құқықтарын қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашылды. Бұл – «Жаңа Қазақстан» идеясының іске асуына негіз болған шешім. Халық тікелей демократия арқылы Конституцияға өзгерістер енгізіп, мемлекеттің тағдырына ықпал ете алатынын көрсетті.
Кентау қаласы – еліміздің ең ірі моноқалаларының бірі, тарихи және кенді шаһар. Мұнда Конституцияда бекітілген қағидаттар нақты өмірде көрініс табуда. Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мақсатында тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбек нарығына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Білім алу құқығы шеңберінде жаңа мектептер салынып, ауылдарда интернет желісі кеңейтіліп жатыр. Денсаулық сақтау құқығы аясында облыста заманауи медициналық орталықтар ашылып, аудандық ауруханалар жаңғыртылуда. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтар ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысуда.
Сонымен бірге цифрландыру саласында да қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Кентау қаласында «Азаматтарды қабылдау орталығы», «109 бірыңғай байланыс орталығы» сияқты жобалар іске қосылып, тұрғындар мемлекеттік қызметті жылдам әрі қолжетімді алуда. Бұл – Конституциядағы «мемлекет халық үшін» қағидатының нақты жүзеге асуының көрінісі.
Конституция – заңдар жиынтығы ғана емес, ол – елді біріктіретін ортақ құндылық. Әр қазақстандық үшін Ата Заң – өзінің құқығын қорғаушы, әділдіктің қалқаны. Соңғы 30 жылда Конституция мемлекетімізді талай сыннан сүріндірмей алып шықты. Экономикалық қиындықтарға төтеп беруге, саяси тұрақтылықты сақтауға және ұлттық бірлікті нығайтуға негіз болды.
ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуы – тарихи тағдыршешті оқиғаның мерейтойы. Бұл – халықтың бірлігі мен мемле-кеттіліктің беріктігін айшықтайтын күн.
Бүгінде Конституция – Қазақстан-ның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерінің арқауы. Ол жасам-паздыққа жол ашып, мемлекет пен қоғамды жаңғыртуға серпін беріп келеді. Алдағы уақытта да Ата Заңымыз – әділетті Қазақстанның берік іргетасы болып қала бермек.
Дина Орынбасарова,
Кентау қаласы прокуратурасының аға прокуроры



